Бір түнде қос күміспен қоржынымызды толықтырған спортшыларымыз Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбайдың жеңісі әр қазақтың есінде қалары хақ. Шешуші сәтте жандарын шүберекке түйген қарашаның қарасы да көп болды.

Париж төрінде көк туымызды желбіреткен қос спортшымыз олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері атанды. Көк кілемде белдескен белді тұлға Демеу Жадыраевтың жанашыр жанкүйерлері Қонаев қаласының Орталық саябағына жиналып, көгілдір экраннан белдесуді тамашалады. Әсіресе, тақым қысып, Демеуге демеу болғандардың бірі спортшының жақындары.

БЕРІК ЖАҢАБАТЫРҰЛЫ БАПКЕР: «Бүкіл әлем, бүкіл ел қарап отыр. Барлықтарына үлкен рақмет! Осылай қошемет көрсетіп, қолдап отырғандарына. Бәріміз қуаныштымыз! Енді шама келгені осы. Алланың бұйыртқаны осы. Барлық жағы келіп тұр. Кішкене ғана сәттілік болмады. Физикалық, іс-әрекет жағы, техника, тактика барлығы келіп тұр».

Сондай ақ, ақтық мәреде бақ сынаған спортшымыз Нұрбек Оралбайдың ата-анасы мен бауырлары, жақындары кеше түнде әсерлі бокстың куәсі болды. Бала үшін ет жүрегін елжіретер алғашқы жан әрине, ата-ана. Нұрбекке тілекші болған Рахат Оралбай қазақ еліне алғысын жеткізді.

РАХАТ ОРАЛБАЙҰЛЫ НҰРБЕК ОРАЛБАЙДЫҢ ӘКЕСІ «Әр спортсменнің арманы алтын ғой енді. Қазақ елін қуантады деп ойлап едік. Аллаға шүкір! Төрешілердің шешімі осындай. Қазақ еліне рақмет, осындай жанкүйер болғандарына. Әлі де жоғары белестерден көрінеді деп ойлаймын екі ұлымды да».

«Алмас қылыш қын түбінде жатпас болар» деген дуалы ауыздан шыққан аталы сөзді дәлелдеп жатқан әр спортшымызға тек сәттілік тілейміз! Күміс құтты болсын, Қазақ елі!