Қазақстанның жүк көліктері Батыс елдеріне жете алмай жатыр. Себебі, Ресей мен Белорусь арқылы жүк тасымалдау қиындаған. Сондықтан Қазақстан балама жол іздеуге мәжбүр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Ресей мен Беларуське салынған санкция Қазақстанның жүк тасымалына да салқынын тигізіп отыр. Вице-министрдің ақпараты бойынша Беларусь пен Еуропа елдері арасындағы орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық өткізу пункті жабық. Баламалы жол ретінде Қазақстан Түркіменстан мен Иран елдері арқылы еркін транзитті қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Айтпақшы, алдағы жылдары Қытаймен жүк тасымалы артып, бюджетке қомақты қаржы түседі деген де болжам бар.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазақстан арқылы автокөлікпен тасымалданатын транзинттік жүк көлемі 1 пайыздан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізілуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің Қазақстан арқылы транзинтпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар. Алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі артады деп болжанып отыр».

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов отандық жүк тасымалдаушыларға артық талап қоймау керек деп отыр. Құжаттардың ұзақ тексерілуі мен шекарадағы кептеліске көлік иелері наразы.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады. Сондықтан аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Сонымен қатар жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады».

Одан бөлек, Премьер-Министр жол бойындағы сервис сапасын да сынға алды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жол бойындағы сервис бойынша сұрақтар бар. Мәселен Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді,бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр».

Айта кету керек, алдағы уақытта жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизімі айтарлықтай жеңілдеуі мүмкін.