Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында танымал кино және театр актері, режиссер « Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов алматылық оқушылармен кездесті. Шара барысында ол балалардың сұрағына жауап берді.

Алматыдағы №147 гимназияның оқушылары танымал актермен кездесуге тыңғылықты дайындалыпты. Көрерменнің көзайымына айналған Мұрат Ахмановтың өнердегі жолынан біраз театрландырылған көрініс қойып, Отан, Тәуелсіздік туралы өлеңдер оқып, ән айтып, би биледі.

Өз кезегінде кино және театр актері оқушыларға ризашылығын білдіріп, Тәуелсіз елдің болашағы жастар екенін тілге тиек етті.

МҰРАТ АХМАНОВ ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ «Осы тәуелсіздік үшін қаншама қан төгіп, жан бергені туралы анық мағлұматты ала аласыздар. Біздің кезімізде ресейлік империяның ықпалымен солардың тарихын зерттеді. Біздің қазақ тарихы жұқа кітап болды. Ал, қазір қанша тарих ашылып жатыр. Осындай сахананы қойып жатқандарыңызға рахмет. Тәуелсіздік күні құтты болсын».

Кездесу барысында оқушылар шынайы қызығушылық танытып, белсенді сұрақтар қойып, өнер адамынан толық жауаптар ала алды. Қатысушылар бұл іс-шараның маңыздылығына тоқталып, табысты адамдардың тәжірибесі өскелең ұрпақ үшін үлгі екенін жеткізді.

ДИЛЯРА САМАЛЫҚОВА ОҚУШЫ «Біздің мектепке танымал актер келді. Біз ол кісімен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Біз актердің өмір жолын үлгі тұтамыз. Бүгін сондай-ақ өзімізді қызықтырған сұрақтарға жауап алдық».

Мұрат Ахманов еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктеріне тоқтала отырып, Тәуелсіздік күнімен құттықтап, кездесу соңында оқушылармен естелік суретке түсті.