"
"Женевадан жеткен жағымды жаңалық! Қазақтың тазысы Әлем чемпионатында топ жарды. Халықаралық кинология федерациясы ұйымдастырған жарысқа еліміздің атынан Тұмар мен Вангелия есімді 2 тазы ит сынға түсті. Олардың екеуі де жеңіске жетті. Тұмар атты тазы «Өз тұқымындағы үздік» және «Женевадағы Әлем кубогының жеңімпазы» атанса, Вангелия - Әлем кубогындағы «Үздік ардагер» әрі «Ұрғашы иттер арасындағы үздік» деп танылды.Бұл жаһандық жарысқа 20 мыңнан астам ит қатысқан болатын.
ЕЛЕНА ХАРДИНА КИНОЛОГ
«Қатты қобалжыдым. Алайда, барлығы сәтті өтті. Көңіл күйім керемет. Менің міндетім күш-қуаты толысқан, дені сау тазыларды өсіріп, халықаралық көрмелерге апару, елімізде шыққан төлтума ит тұқымын әлемге таныту болды. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын»
Ал жуырда Қазақстанның кинологтар қауымдастығы осы FCI (Эф-Си-Ай) ұйымының толыққанды мүшесі атанған. Бұл өз кезегінде тазы мен төбеттерге халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың Тазы және Төбет ит тұқымдарын сақтау және оны жаңғырту жұмыстарын үйлестіруді тапсырған болатын. Міне, содан бері жауапты мекеме қызу жұмыс үстінде. Жоғарыда айтқан жеңіс осы атқарылған еңбектің жемісі.