Балалықтың балғын бейнесі сомдалған "Менің атым - Қожа" фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар. Тарихта аты қалған туындының авторы, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевқа 100 жыл! Қайталанбас тұлғаға арналған шараға назар аударсақ.

Ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміздің бірі және бірегейі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаеавтың туғанына 100 жыл! Қаламгердің тамаша туындылары әлі де жас буынның кәдесіне жарап, рухын жанып, өмірге деген құлшынысын арттырып, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатыр.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ

Шараның негізгі мақсаты – қазақтың сөз өнеріне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген классик қаламгердің шығармашылығына жаңаша көзқараспен қарап, Бердібек Соқпақбаевтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін кеңінен насихаттау.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, АҚЫН:  «Қаншама буынды тәрбиеледі, қаншама ұрпақ осы Соқпақбаев шығармасымен өсті. Кейін, тәуелсіздікте әрине түрлі әдбиетке байланысты көзқарастар қалыптасты. Сол кезде, әдебиеттен кішкене алыстаған жас ұрпақ Соқпақбаев шығармаларынан бейхабар болғаны ақиқат. Сондықтан бүгінгі жүз жылдық тойдың бастауы, жаңа буынның көзқарасына, оларға таныстыруға, жаңа бір әдебиеттің жаңа деңгейге көтерілген көрінісі деп бағалаймыз».

Бердібек Ыдырысұлының «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиеледі.

САМАЛ СОҚПАҚБАЕВА Б.СОҚПАҚБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ, ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Амандық болса, бәріміз дұрыстап, күшімізді салып, алдымызда тұрған мақсаттарды жеткізуге, орындауға тырысамыз». «Жоспарлар өте көп. Біраз мектептерге атын беру, көшелерді атымен атау, кітаптарды шығару, толық жинағын шығару».

Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Бұл ең алдымен жазушыға деген, тұтастай алғанда елімізге  деген үлкен құрмет.