Маңғыстаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылу себебін анықтау мақсатында Алматы қаласынан орнитологтар Ақтауға баратын болды. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте белгілі болды. Өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары 601 сыбырлақ аққудың өлімі фактісін растаған.

Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуы өткен жылдың 21-ші желтоқсан күні белгілі болған еді. Бастапқыда 30 аққудың өлексесін тапқан мамандар соңғы тәулікте өлген құстың саны 600-ден асқанын мәлімдеді. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов өлікселерге қатысты санақ күнде жаңартылып тұратынын айтты. Жалпы Қаракөлге 5 мыңнан астам сыбырлақ аққу қыстауға келіпті.

ТЕМІРБЕК НҰРТАЗИН ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Ұлттық референттік орталықтың зерттеуі бойынша, олардың қорытындысы бойынша, протокол бойынша, құс тұмауы анықталып отыр. Біздер кеше тағы 5 өлекседен под материал алып, ұлттық референд орталығына бүгін таңертең жеткізгенбіз».

Бастапқы талдаулар нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екенін көрсеткен. Олардан H5N1 азиялық штаммы анықталған. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді екен. Енді құстардың жаппай қырылуының себебін анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциясының орнитологтары зерттеу жүргізеді. Қазір көпшілік бұл жағдайға алаңдаулы, әсіресе ақтаулықтар. Табиғат жанашырлары қолдан жемдеу әдісін пайдаланып көрейік деген ұсыныстарын да білдірді. Алайда мамандар, жасанды жемдеу кері әсер ету мүмкін екендігін айтады.

ЖАСҚАЙРАТ НҰРМҰХАМБЕТОВ ҮСТІРТ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ ҚОРЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Қаракөл көлі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Мұнда құстарды жемдеуге және тұрғындарға арнайы киімсіз қазіргі құс тұмауы кезінде өте қауіпті. Осы тұрғындарға алғысымызды білдіреміз. Құстарды жемдеуге, қаражат жинаймыз дегендерге алғысымызды білдіреміз. Бірақ ондай шараларды көлде жасауға болмайды. Арнайы мамандар келеді, сол мамандардың қорытындысы бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады».

Нұрлан Ноғаев құстардың жаппай қырылуына қатысты орын алған жағдай, оның таралу себептеріне байланысты көптеген сұрақтар туындатып отырғанын, бұл жағдай егжей-тегжейлі тергеуді талап ететінін атап өтті.

НҰРЛАН НОҒАЕВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бұл өте алаңдататын мәселе. Сондықтан құрметті әріптестер, өзінің құзыретінің аясында қажетті шараларды қабылдау керек. СЭС, ветеринария, экология, ауылшаруашылығы, орман жануарлар дүниесін қорғау, мемлекеттік органдар, қажетті зерттеу, ғылыми институттары, солардың мүмкіншіліктерін қосуымыз керек. Талқыланған мәселелер бойынша әр мемлекеттік орган өзінің құзыретінің аясында қажет шараларды қабылдау керек».

Айта кетейік, Қаракөл көлі Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының қатарына жатады. Бұл мекен жыл құстары үшін қолайлы аумақ. Бір жыл ішінде құстардың 80-нен астам түрі келеді. Бұл сулы-батпақты көлде жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді екен.