Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында жабылуы мүмкін болған 160 жеке меншік балабақша сотта жеңіп шықты. Білім бөліміндегі салғырттықтың кесірінен мойындарына 500 миллион теңгенің қамыты ілінгендер енді алаңсыз жұмысын жалғастырмақ. Бұған дейін Алматы облысының білім басқармасы бөбекжай басшыларынан қаңтарда берілген қаржыны қайтаруды  талап еткен болатын. Яғни білім бөлімі келісімнің 27 қаңтарда болғанын айтып, қазынадан 23 күнге артық түскен қаражатты сұраған. Алайда бір жыл бойы үздіксіз қызмет еткендер мемлекеттік мекеменің шешіміне келіспей, сотқа жүгінген.

Алғашында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот мемелекеттік мекемені қолдап, біржақты шешім шығарған еді. Алайда әділдік үшін күрескендер аппеляциялық сотта жеңіп шықты. Айта кетейік болған жайттан кейін Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы мен техникалық қателік жіберген есепшілер тәртіптік жаза алған болатын.