Үнді құтқарушылары бірнеше күн бұрын Лхонак мұздық көлі төгілген Гималайда іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Қаза тапқандар саны көбеюде.  Әзірге, 44 адамның қаза тапқаны расталды. Тағы ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен.

РОШАД ПРАСАД – ҚҰТҚАРУШЫ «Өздеріңіз көріп тұрғандай,  өзеннің екі жағында үйлер бүлініп, 50-ден астам баспана жойылған.  Балшық және  қаза тапқандардың мәйіттері  үш метрге дейін үйілген. Қирандылар  астында әлі қанша үйдің бар екенін білмейміз».

Үндістанның Сикким штатындағы Лхонак мұздық көлі әлемдегі ең қауіпті көлдердің бірі саналады. Тиста өзенінің ағысынан төмен елді мекендерде мыңдаған адамдарға қауіп төніп тұр. Бұл жолы  қорқынышты жағдай орын алды.  Көл  жауын-шашын мен көшкін салдарынан жағалаудан шыққан. Рангпо және Сингтам қалаларын су басқан.

ТҰРҒЫН «Таңғы сағат 3:30 шамасында адамдар бөгет жарылады деп айқайлай бастады. Біз өзімізбен бірге тек құжаттарды ғана алдық. Басқа дүниені құтқаруға мүмкіндік болмады. Әзірге спортзалда тұрып жатырмыз. Басқа барар жеріміз жоқ».

 ТҰРҒЫН «Біз бүкіл Сингтам қаласын су басқанын естігеннен кейін жүгірдік. Бізді оятуға ешкім келген жоқ. Газ баллоны, барлық заттарымыз - бәрі үйде қалды. Енді бізде ештеңе жоқ. Біз сияқты кедейлерге қалай аман қалуға болады?»

Сикким штатындағы Непал, Бутан және Қытай арасындағы тауларда шамамен 650 мың адам тұрады, негізінен буддистер.  Бұлыңғыр жолдар мен бұзылған көпірлердің салдарынан қазір штаттың кейбір өңірлерінде отын жетіспеушілігі байқалады.