Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесінің көшбасшысы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәуелсіз еліміздің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып отырған бірегей білім ордасы. Тоқсан жылдан астам тарихы бар қара шаңырақ сан мыңдаған білікті мамандар мен ғалымдарды тәрбиелеп, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Университеттің басты миссиясы сапалы білім беру ғана емес, сонымен қатар ғылымды дамыту, жас зерттеушілердің халықаралық деңгейде танылуына жол ашу және әлемдік ғылыми қауымдастықпен ықпалдастықты нығайту.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылым мен білім саласындағы халықаралық байланыстардың маңызы ерекше. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз серіктестік орнатып, студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби дамуына кең мүмкіндік жасап келеді. Университет ұсынған осындай игі бастамалардың нәтижесінде біз Түркия Республикасындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі Istanbul University базасында ғылыми тағылымдамадан өту бақытына ие болдық. Ғылыми тағылымдаманың басты мақсаты – зерттеу жұмысын халықаралық деңгейде жетілдіру, шетелдік ғылыми тәжірибемен танысу, жаңа әдіснамалық бағыттарды меңгеру және әлемдік ғылым кеңістігіне интеграциялану. Бұл тұрғыда тағылымдаманың маңызы зор болды. Тарихы 1453 жылдан бастау алатын Istanbul University Түркиядағы ғана емес, Еуропадағы ең көне әрі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі.

Ғасырлар бойы ғылым мен ағартушылықтың шамшырағына айналған бұл университет бүгінде әлемдік академиялық рейтингтерде лайықты орын алып, халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Университет қабырғасында жүз мыңнан астам студент білім алып, мыңдаған профессор мен зерттеуші ғылыми ізденіспен айналысады. Мұндай орта әрбір жас ғалым үшін үлкен тәжірибе мектебі екені сөзсіз. Біз тағылымдама барысында Istanbul University жанындағы Әл-Фараби Еуразиялық зерттеулер орталығында жұмыс жүргіздік. Аталған орталық түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, тілі мен өркениетін зерттеуде маңызды ғылыми алаң болып табылады. Тағылымдама кезеңінде университеттің бай кітапхана қорымен жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Әлемнің әр түкпірінен жиналған ғылыми әдебиеттер мен сирек кездесетін еңбектер зерттеу жұмысымыздың теориялық және практикалық негізін тереңдетуге ықпал етті. Әсіресе докторлық диссертациямыздың тақырыбына қатысты тың дереккөздер мен ғылыми еңбектерді зерделеу барысында көптеген жаңа ғылыми тұжырымдар мен әдіснамалық бағыттарға қанық болдық.

Ғылыми ізденіс барысында түрік ғалымдарымен пікір алмасып, халықаралық тәжірибелермен таныстық. Мұндай академиялық байланыстар зерттеу жұмысының сапасын арттырып қана қоймай, ғылыми көзқарастың кеңеюіне де үлкен әсер етеді. Шетелдік профессорлармен кездесулер, ғылыми семинарлар мен пікірталастар барысында қазіргі гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері талқыланып, зерттеу жұмысына қатысты маңызды ұсыныстар берілді. Бүгінгі таңда ғылым шекара талғамайды. Кез келген ғылыми жетістік халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас зерттеушілерге көрсетіп отырған қолдауы ерекше атап өтуге тұрарлық. Университет басшылығы ғылыммен айналысатын жастардың әлемдік білім кеңістігіне шығуына жағдай жасап, олардың ғылыми әлеуетін арттыруға жүйелі түрде көңіл бөліп келеді. Мұндай мүмкіндіктер жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар отандық ғылымның дамуына да оң әсерін тигізеді. Себебі шетелдік ғылыми тәжірибені меңгерген зерттеуші өз елінің ғылымына жаңа серпін әкеледі. Біз де тағылымдама барысында жинақтаған білім мен тәжірибені Қазақстан ғылымының дамуына бағыттауды өзіміздің басты міндетіміз деп санаймыз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткен мен болашақты жалғаған алтын көпір. Бұл ұлт зиялыларын тәрбиелеген, ғылым мен білімнің шамшырағын жаққан қасиетті орда. Бүгінде университет түлектері әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, оқу орнының мәртебесін асқақтатып келеді. Университеттің халықаралық беделі де жыл сайын артып, әлемдік білім кеңістігіндегі орны нығая түсуде. Ғылыми тағылымдама барысында біз Қазақстан ғылымының әлеуетін шетелдік әріптестерге таныстырып, ұлттық ғылымның жетістіктері туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік алдық. Бұл еліміздің ғылыми имиджін қалыптастыруға қосылған шағын болса да маңызды үлес деп білеміз. Қорыта айтқанда, Istanbul University қабырғасындағы ғылыми тағылымдама біз үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Бұл сапар ғылыми көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, жаңа идеялар мен тың зерттеулерге жол ашты. Осындай зор мүмкіндік беріп, ғылыми ізденісіміздің жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ғылым жолындағы әрбір жетістігіміздің бастауында қасиетті қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тұрғанын әрдайым мақтанышпен айтамыз. Университеттің даңқы асқақтап, білім мен ғылымдағы жетістіктері еселене берсін! Біз де осы сенімге лайық болып, отандық ғылымның өркендеуіне аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Мақала авторлары:

Олжас Уәлиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты

Жұлдыз Демесінова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты

Айнұр Иманбердиева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты

Салтанат Айтқожаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты