2025 жылдың 8 сәуірінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде Академик Ә.Т.Қайдар атындағы Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы орталығы ашылды. Аталмыш орталықтың ашылуы тек республикалық емес, халықаралық қатынастарды нығайтып, ғылымның дамуына ықпалын тигізетіні анық.
Орталықтың ашылуына байланысты “Арыс” баспасының директоры, Әбдуәли Қайдардың шәкірті филология ғылымдарының докторы, әйгілі алаштанушы, қазақ тіл білімінің антологиясын құрастырушы, Ғарифолла Әнестің атынан 100 кітап сыйланды.
Ғарифолла Әнес әл-Фараби атындағы Филология фаультетінің түлегі. Кітапты “Арыс” баспасының ісін жалғастырушы Ғарифолла Әнестің қызы, PhD докторы Үміт Әнесова табыстады.
Кітаптардың басым бөлігі қазақ тіл білімінің коррифейлері мен ең үздік ғалымдарының еңбектері: көп томдық “Қазақ тіл білімі антологиясы” (А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Исаев, Ы.Маманов және т.б. еңбектері), сөздіктер және кейінгі жылдары жарық көрген алаш қайраткерлері мен репрессияланған қазақ интеллегенциясына арналған ғылыми еңбектер.
«Арыс» баспасының кітаптары республика бойынша ең үздік ғылыми еңбектер шығаратын баспа екені көпшілікке мәлім. Бұл еңбектер тек филолог емес, тарихшылар мен журналистер үшін құнды болатын бірегей еңбектер. Алдағы уақытта “Арыс” баспасы университет кітапханасына да кітап сыйлауды жоспарлап отыр.