Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейде 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Биылғы іс-шара "Қазақстан Республикасының Конституциясы – Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі" тақырыбына арналды.

Салтанатты шараға мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар және құрметті қонақтар қатысты. Жиында жаңа оқу жылының басталуына орай ізгі тілектер айтылып, білім алушыларға сәттілік пен толағай табыс тіленді.

Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары үшін бұл күн ерекше әсерлі болды. Ал жоғары сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылы – білімін жетілдіріп, жаңа белестерге ұмтылатын маңызды кезең.

Іс-шара барысында мектеп директоры Әлия Сейдекәрімқызы оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол білімнің адам өміріндегі маңызын атап өтіп, шәкірттерге ізденіс пен еңбекте табыс тіледі.

Салтанатты жиынның маңызды сәттерінің бірі – алғашқы қоңыраудың соғылуы болды. Оның үні жаңа оқу жылының басталғанын айғақтап, оқушыларды білім мен ізденіске үндеді.

Жаңа оқу жылы барлық оқушыға сәттілік, ұстаздарға шығармашылық табыс, ал ата-аналарға балаларының жетістігін көру қуанышын әкелсін!