12 мамыр – дүниежүзілік медбикелер күні. Мейірімділік пен жылылық символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған медбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Антына адал еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің қиын да жауапты жұмысы қашанда қоғам назарында. Менің әріптесім мереке қарсаңында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында болып қайтты.

Қазір медбикелер дәрігерлердің тең серіктесі болып, тәуелсіз шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды. Себебі, науқастың дертіне дәрігерден кем қарамайды. Медбикенің арқалаған жүгі ауыр. Сырқат пациенттің сауығып аяғына тұрып кеткеніне дейін барын салатын жанның бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының №1 онкогематология бөлімінің аға мейірбикесі Бақытгүл Әміржанова. Оның осы салада тапжылмай тер төгіп, көптің ыстық ықыласына бөленіп жүргеніне 30 жылға жуықтаған. 

БАҚЫТГҮЛ ӘМІРЖАНОВА №1 ОНКОГЕМАТОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА МЕЙІРБИКЕСІ  « Біздің бөлімшеде қатерлі дертпен күресіп жатқан кішкентай балалар жатады.Оларға ерекше күтімнен бөлек мейірм де керек. Мейрімділік адам бойындағы үлкен қасиет. Әр баланың дертінен айығып,көзіндегі қуаныштың көз жасын көру, мейірбикелер үшін үлкен мәртебе».

Науқаспен уақытының басым бөлігін өткізетін де медбикелер. Олар режимнің сақталуын қадағалап отырады. Пациенттердің дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдауын қадағалайды, ине шаншып, ота алдында пациенттерді дайындайды және күрделі емдік-профилактикалық шараларды жүргізеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бас мейірбикесі Ақмарал Тұрдалиеваның айтуынша, бұл жоғары кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар сабырлы болуды да талап ететін мамандық.

АҚМАРАЛ ТҰРДАЛИЕВА ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МЕЙІРБИКЕСІ « Денсаулық сақтау саласында, балалардың денсаулығын жақсарту жолында, мейірбикелердің еңбегі ұшаң -теңіз. Медициналық көмекті тиімді көрсету, көп жағдайда мейірбикелердің жұмысы мен сапасына байланысты. Біздің орталықта өз ісін жақсы көретін, қызметіне адал мейрбикелер жұмыс жасайды».

Жалпы орталықта 300-де аса мейіргерлер жұмыс істейді. Жылдан-жылға мейірағалар саны артып келеді. Олар дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жұмысытарын сапалы атқарады.