2030-2035 жылдарға қарай елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан, жер асты сулары технологиясын енгізуді бүгіннен бастау керек. Оның үстіне, гидротехник мамандар да тапшы. Ол проблеманы шешу үшін кәсіби техникалық колледж бен жоғары білім беру институтын ашу қажет. «Байтақ» жасылдар партиясы қазір өзекті болып тұрған су мәселесін шешу үшін осындай бірқатар ұсыныстар ұсынуда. Бүгін Астанада Сілтеме баспасөз орталығында өткен жиыннан толығырақ тілші тарқатады.

Еліміз судың 80 пайызын көршілес мемлекеттен алады. Олар: Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттері. Жыл сайын оңтүстіктегі шаруалар су азабын тартады. Тіршілік нәрі ауыз су мәселесі Қазақстандағы күрмеуі шешілмеген проблеманың бірі. Сондықтан, күні кеше Президент Жолдауында су министрлігі жеке құрылатынын айтып бір қуантты. Алайда, «Байтақ» жасылдар партиясы «Жаңадан құрылған министрлік бірінші кезекте көрші елдермен су дипломатиясын орнатуға күш салуы керек» деген болатын. Әйтпесе, басқасының бәрі бекер деп отыр.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Біріншіден, су дипломатиясын департамент, комитет бұл бағытта жұмысты күшейту керек. Тағы да ертең су гидротехникамен айналысып, дипломатияны Сыртқы істер министрлігіне береміз десе, онда бұл мәселе мүлдем шешілмейді. Өйткені, сыртқы істер министрлігінің айналысып жатқан жұмыстары өте көп. Қауіпсіздік, тағы да басқа экономикалық, әлеуметтік мәселесі өте көп. Сондықтан бұл министрлікте су мәселесі бірінші орында тұру керек. Біз тек қана көршілес елдермен су мәселесін дипломатия арқылы шеше аламыз. Басқа жол жоқ».

Елімізде гидротехник мамандар тапшы. Сондықтан, партия мүшелері Қонаев қаласында кәсіби-техникалық колледж, ал Түркістанда жоғары білім беру институтын ашу керек дейді. Алайда, ол оқу орындар мемлекеттік емес жеке инвестордың қаражатына салынады. Онда геобатаник, гидротехник, эколог, зоолог сынды мамандар білім алып шығады. Айтпақшы, жасылдар партиясы халықтан барынша тіршілік нәрін үнемдеуді сұрайды. Себебі, 2035 жылға қарай елімізде су тапшылығы болуы әбден мүмкін.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Судың да сұрауы бар», дейді қазақта. Суды үнемдеуіміз керек, суды сақтауымыз керек. Суға мәдениетпен, адамның өміріндегі ең басты құнды зат деп қарауымыз керек. Судың бағасы мұнай бағасынан да бензин бағасынан да жоғары. Су ертең біздің ұрпағымызға керек су».

Байтақ жасылдар партиясы жаңадан құрылған су министрлігінің жұмысын тікелей өздері қадағалаймыз деп бекініп отыр. Себебі, су - ол халықтың басты тіршілік нәрі. Су жаңа министрлік пен партия өкілдерінің бұл қадамы қаншалықты халық пайдасына жарайды оны уақыт көрсетеді.