21 миллиондық мегаполис су дағдарысына тап болды. Соның салдарынан, Мехико қаласының шет жағында тұратын тұрғындар су таситын көлікті күтіп, орталыққа шелектерімен жиналуға мәжбүр.

Шенеуніктер мұның себебін жауын-шашынның азаюы мен құрғақ маусымның ұзаруы деп отыр. Сондай-ақ миллиондаған адамдар тәуелді болатын негізгі сумен жабдықтауда бұрын-соңды болмаған төмен су деңгейі бар деген болжамдар да шығуда. Қазірдің өзінде адамдар суға таласуда.Соның бірі -  жергілікті тұрғын Марибель. Ол бір айдан астам уақыт сусыз отырғанын айтады.

МАРИБЕЛЬ ГУТЬЕРРЕС ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:«Біз Мехиконың су мәселесінің күрделі екенін түсінеміз. Бірақ билік бізді де түсініп, түсіністікпен қарауы керек».

Шенеуніктер суды барынша үнемдеу үшін адамдардан күнделікті сумен жасалатын жұмыстарын барынша өзгертуді сұрайды.

ХУАН ОРТЕГА ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН: «Біз енді "көлік жууға болмайды!" деген ережені енгіздік. Енді, бақшаны, шөпті суармаймыз, тек өсімдіктер өліп қалмас үшін суарып тұрамыз. Сондай-ақ кір жуғыш машиналардағы суды суару үшін қайта пайдалануды қолға алуды жоспарлап отырмыз».

Су тапшылығы Мексиканың көптеген аймақтарында жиі кездеседі. Бірақ шенеуніктер елорданың су жүйесі бұрын-соңды болмаған қысымға ұшырағанын айтады.

РАФАЭЛЬ КАРМОНА МЕХИКО ҚАЛАСЫНЫҢ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Соңғы 4-5 жылда жауын-шашын тұрақты түрде азайып келеді. Бұл су қоймаларында судың өте аз жиналуына әкелді. Әзірге бізде 2019 жылы алған судың жартысы ғана бар».

Қаңтар айының соңында жүйе арқылы әдеттегі су көлемінің шамамен 40%-ы өтті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 54 пайызды құраған.