Алматыда араға айдан аса уақыт салып тағы бір жойқын жер сілкінісі болды. Бұл жолғы апаттың қуаты әлдеқайда күшті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Төтенше жағдайлар департаменті дерегіне сүйенсек, күндізгі сағат 11:22-де Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жер сілкінісі тіркелген. Қуаты - 5 балл. Ал ошағы небәрі Алматыдан 31 шақырым қашықтықта. Шошынып қалған жұрт бұл жағдайдан кейін ұзақ үйлеріне оралмады. Тіпті сейсмологтар да кешкі сағат 16:00-ге дейін қауіпсіздік сақтауды ескертті. 

Жер сілкінісінен 1 адам зардап шекті. Бірнеше ғимарат қабырғасының бет қабаты құлап қалды. 

Сонымен қатар қала тұрғындары үшін 384 қабылдау пункті, оның ішінде 229-ы - мектептерде, 115-і балабақшаларда, 15-і ЖОО-ларда, 20-сы колледждерде және 5-і стадионда жұмыс істеді. 

Ал оқушылар мен студенттер оқудан босатылды. 

Десе де үрейге берілген тұрғындар қауіпсіз жерге ағыламыз деп көшеде көліктерімен қалып кетті. Бүгінгі кептеліс 10  баллдық мөлшерде болды. 

Түс ауа Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады. Ведомства басшысы Алматыдағы жер сілкінісіне байланыстыатқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған. Ақпаратты ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жазды. 

Президент министрге мегаполис тұрғындарының амандығын сақтау және Алматыдағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен, сондай-ақ қаладағы барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жалғастыруды тапсырды.

Осылайша кеш қарая мамандар қала тұрындарына үйге орала беруге рұқсат екенін хабарлады. Әрі бүгінгі жер сілкінісіне байланысты талқыланған комиссия отырысының қорытынды шешімін жариялады. 

"Кезектен тыс комиссия отырыстың қорытындысы бойынша Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссиясы алдағы күндері Алматы болжамды полигоны аумағында 70 пайыз ықтималдықпен жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін, алайда елеулі қауіп төндірмейтін қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін айтты", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін қаңтардың 23-і күні түн мезгілінде Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болған еді.