Әбден тозығы жеткен электр станциялары мен энергия тапшылығы бүгін үкіметте сөз болды. Жауапты министрдің сөзіне сенсек, 2030 жылға қарай елімізде энергия тапшылығы болуы мүмкін. 2030 түгіл қазірдің өзінде қуат көзі жетпей жатыр деді үкімет басшысы Әлихан Смайылов. Сондықтан Премьер-Министр жауапты органға бірқатар тапсырмалар ретін жүктеді.

Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді десек, оның жартысынан көбі пайызға шақсақ, 56 пайызы тозып тұр. Оның үстіне халық саны мен өндіріс көлемі артқан сайын қуат көзіне деген сұраныс та тиісінше  өседі. Осы факторды негізге алған министр 2030 жылға қарай энергия тапшылығы туындайды деп болжайды.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: «Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда, электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт болады. Бұл ретте жаңа қуаттарды ескеріп, қолда бар қуат 22 ГВт деңгейінде болады. Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асады, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар. Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығын көрсетіп отыр».

Бұл проблеманың алдын алу үшін жаңартылған энегрия көздері мен гидроэлектр станцияларын салу керек. Сондай-ақ, энергия балансын сақтау қажет. Осы мақсатта батыс облыстардың газ қуатын арттырып, Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілуі тиіс деді үкімет басшысы.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  «Биыл Екібастұз ГРЭС-1-де бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда. Олар 2025-2026-шы жылдары аяқталады. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады».

Одан бөлек, бүгін үкімет үйінде онлайн сауда мәселесі сөз болды. Енді бұдан былай елімізде отандық онлайн дүкендердің дамуына жағдай жасалады.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қазақстанда 2023-шы жылы е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 13%-ке жетті. Біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарықта өткізудің қосымша каналы ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар отандық онлайн-дүкендерді де дамыту қажет. Ол үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек».

Онлайн сауда дүкендер желісін дамытқанмен, тұтынушылар құқығының қорғалуына да басты назар аудару керек деді Премьер-Министр. Осы орайда арнайы заң жазылыпты, ол қазір парламенттің қарауына жіберілген. Егер депутаттар мақұлдаса, сатып алушы халықтың құқығын қорғайтын жаңа құжат жақын арада күшіне енбек.