Қызылорда облысында адамның сеніміне кіру арқылы қасақана алаяқтық жолмен пара алған адвокат пен оның әйелі 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қызылордалық ерлі-зайыптылар 2023 жылдың шілде айында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша жауаптылықтан босатып беремін деген желеумен жәбірленуші «М» есімді азаматшадан алдап 8 000 000 теңге ақшалай қаражатын алған. 2023 жылдың қазан айында  аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен және ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

МЕДЕУ ТАУБАЙ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Абдуманов Алимжан  және Изматова Гульнур есімді ерлі-зайыпты адамның сеніміне кіру арқылы қасақана алаяқтық жолмен пара алу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Осыған байланысты өткен жылдың шілде айынды тергеп-тексеруге алынды». 

Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылды. Айта кетейік, қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы сотты болғандардың әрқайсысы түпкілікті мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқарудан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады.