Алдағы уақытта Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты артады. Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының жұмысы да жанданады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесуінде айтылды. Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісін салу және іске қосу бойынша табысты жүзеге асырылған бірлескен жобаны мысалға ала отырып, газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды.

Үкімет басшысы бірлескен кәсіпорындар табысты әрі экономикалық жағынан тиімді екенін айтты. Сонымен қатар Премьер-Министр жергілікті тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен өзара тығыз іс-қимыл жасау арқылы жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңыздылығын да атап өтті.