Бүгін Алматыда белгілі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнестің ғылыми мұрасына арналған шығармашылық кеші өтті.Толығырақ тілші бейнематериалында.
Іс-шарада ғалымның Алаш арыстарына және қазақ тіл біліміне қатысты 30 жылдан астам ізденістері жинақталған іргелі еңбектерінің тұсауы кесіледі. Оның ішінде А.Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ә. Кекілбайұлы сынды қайраткерлерге арналған монографиялары мен көзі тірісінде жарық көрмеген ғылыми еңбектері көпшілікке алғаш рет ұсынылады.
НАЗГҮЛ ӘНЕСОВА Ғ.ӘНЕСТІҢ ҚЫЗЫ: «Біздің папамыз профессор,доктор наук, ең бірінші 30 жыл бұрын Арыс қорын құрған оның жанынан кейін арыс баспасын ашты.Арыс баспасы арқылы көптеген шығарды, ол кітаптың барлығы міне көрмеде көрсетілген кітаптарының көбісі барлық өмірін, ғұмырын папамыз Репрессияға түскен адамдарды зерттеу, олардың еңбектерін ашуға аттарын атап ақтауға арнаған».
Сондай-ақ кеш аясында «Арыс» баспасынан жарық көрген кітаптардың көрмесі ұйымдастырылып, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап» басылымдарының заманауи жазуға бейімделген нұсқалары, энциклопедиялық еңбектері мен мемлекеттік тіл және мәдени мұра төңірегіндегі зерттеулері таныстырылды.
АНАР ФАЗЫЛЖАНОВА А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Ғарифолла ағайдың осы бір еңбегі болашақта сондай үлкен сөздіктің әзірленуіне мұрындық болатын соған бастан болатын зерттеу деп бағалаймын.Ағайдың қазіргі тұсауы кесілгелі отырған еңбектері ол кісінің зерттеп кеткен, жазып кеткен дүниелігінің бір бөлігі ғана Болашақта оның ұрпағы, қыздары осы Алаш қорының жұмысын жалғастырып, ол кісінің баспасының жұмысын тоқтатпайтындығына біз сенімдіміз».
ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВ ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгін Ұлттық кітапханамызда қазақтың керемет бір азаматы,Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, баспагер ұлтымыздың ең бір аяулы, ардақты азаматы Ғарифолла бауырымызды еске алу кеші өтіп жатыр.Ғ.Әнес біздің қоғам Тәуелсіздік алған кешегі 30 жылдықтан бермен қарай үлкен еңбек етті.Баспа ашты. Бүгінде перзенттері Ұлттық кітапханамен бірлесе отырып бауырымыздың бірнеше шығарған кітаптарының тұсаукесер рәсімін жасап,еске алу кешін өткізіп жатыр».
Ғарифолла Әнес — қазақ баспагерлігінің дамуына, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне, тіл, әдебиет және мәдениет саласына сүбелі үлес қосқан бірегей тұлға. Ол — «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Айтматов академиясының академигі, «Арыс» қорының негізін қалаушы. Оның мұрасы келешек ұрпақтар үшін бағалы әдеби ескерткіш болып қала бермек.