Алматыда қолайсыз күн райынан бір түнде 52 жол апаты орын алды деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.Айтулы жағдайға байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады.

Алматы полициясы қала жолдарындағы көлік қозғалысы жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қолға алған. «Қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 262 патрульдік автокөлікте 611 полиция қызметкері кезекшілік етуде. Сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта Жедел басқару Орталығына жол-көлік оқиғасы туралы 52 қоңырау келіп түсті, оның 18-і зардап шеккендерден», - дейді, Алматы қалалық Полиция Департаментінің Жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.Мамандар жүргізушілерді аса сақ болуға, жылдамдықты шектен асырмауға, тежегіш педалін қатты баспауға, ең бастысы, басқа жол қозғалысына қатысушыларды орындалатын маневр туралы алдын ала ескертуге шақырады.