Ақтауда бес жігіт фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істейтін қызды ұрлап кетіп, бірнеше сағат бойы күштеп ұстаған. Бұзақылардың біреуі жәбірленушіні көлік ішінде зорлап, арам ойын іске асырыпты. Ол аздай спортшы қызды қорқытып атына 2 миллион теңге несие рәсімдеткен. Оқиғадан соң жәбір көрген спортшы 9-шы қабаттан секіріп, көз жұмды. Жаттықтырушының туыстары кінәлілерге кесілген соттың үкімімен келіспей, әділ жаза беруін талап етеді.
БАУЫРЖАН ЖОЛЖАН - МАРҚҰМНЫҢ ІНІСІ «Осы бесеуі, машинада менің апам бар. Сыртта тұрып «бұл закладчик, бұны не істейміз» деп бұны қорқытып бастайды. Арасында Сейтқалиев Нұргелді деген қорқытып ұрып, күштеп мефедрон есірткісін иіскеткізеді менің апама. Барлығыда есірткіні қарап алған. «Егер де сен қазір менің айтқаным ды жасамайтын болсаң, мен сені тыр жалаңаш шешіндіріп, төрт баланың арасына салып жіберем» дейді. Зорлық-зомбылық жасау, изнасилование дейді ғо соның барлығы машинада орын алады. Сол жағдай болып жатқанда олардың барлығы да мефедрон есірткісінің күшімен жүр».
Басты күдікті жас қызды көлік ішінде зорлап болғаннан соң жәбірленушіні еркіне босатып қоймаған. Керісінші оны газ құю бекетінің күзетші отыратын бөлмесіне қамап ұстаған.
БАУЫРЖАН ЖОЛЖАН - МАРҚҰМНЫҢ ІНІСІ «Сенің бізден құтылуыңның бір ғана амалы бізге ақша беруің қажет дейді. Сол жерде каспи приложениесі арқылы апамының атына 2 млн теңге несие рәсімдейді. Мына жанармай бекетінің артына көліктерін қойып, таң атқанға дейін осында ұстайды.Сосын апамды 11-дің жобасында өзінің үй жағынан түсіріп кетеді. Түсіріп бара жатқан кездеде "егерде сен бұл жағдайды қалай боланын айтатын болсаң, біз сенің әке-шешеңді, сенің де қайда тұратыныңды білеміз,барлығын өлтіріп, сондай әркеттер жасаймыз" деп қорқытып түсіріп кетеді машинадан».
Осы оқиғадан төрт күн өткен соң, 18 мамыр күні Алина Серікова 9-шы қабаттан секіріп көз жұмды. Туыстары оның бұл әрекетіне бес жігіттің қорлық көрсеткені себеп болды деп отыр. Марқұмның інісі сот жазаны әділ бермеді деп санайды. Басты күдікті болған 33 жастағы қылмыскер Қылмыстық Кодекстің сегіз бабы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылған. Басқа екі жігіт 7 жылға, ал қалған екеуі 8 жылға жаза арқалаған. Облыс прокуратурасы да соттың бұл үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Қазіргі таңда іс апелляциялық сатыда қаралуда.
МАЙЯ БОРАНБАЕВА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ «Өз кезегінде прокурор өзінің жарыссөзінде бас фигурантқа өмір бойына, ал басқа қатысушыларға 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Маңғыстау облысының прокурорымен сот жарыссөзінде баяндалған ұстанымға сәйкес сот үкімінің саралау бөлігі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен 2025 жылғы 5 қаңтарда апелляциялық өтінішхат енгізілді».
Марқұмның інісі Алина Серікованы зорлаған ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал қалғандарына 16 жыл жаза кесуді талап етеді. Сол себепті, 19 желтоқсан күні шыққан үкімге шағым түсірген. Ол көздегенімді соңына дейін жеткіземін деп бекініп отыр.