Маңғыстаудағы Батыр ауылында асыл тұқымды ешкімен шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бір түнде жер сипап қалды. Қаңғыбас иттер  40-қа жуық ешкісін  тамақтарынан жарып, қырып кеткен. Нәпақасынан бір күнде айырған иттерге шарасызбыз дейді. Себебі итке тиісуге болмайды деген заң бар. Әкімдік оқиғадан хабардар,алайда нәтиже жоғын алға тартты мал иесі. 

Құмар Нұрпейсова  29-шы шілде күні таңғы уақытта қораға келіп, қырыққа жуық қырылып қалған малын көреді. Бірен сараны келесі қораға өтіп аман қалған. Шаруа иесі 5 бұралқы иттің ауыл ішіне қарай қашқанын көріп, соңынан қуғанымен жете алмаған.

ҚҰМАР НҰРПЕЙСОВА ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕСІ «Бәрін тек мойнынан тістеп, қырып кете берген ғой. Ешқайсысын жемеген. Ішінде бір ешкімнің қарнын жарған. Қалғанының бәрінің тек мойнынан тістеп кете берген. Осы ешкілерді “Нұр Капитал” бағдарламасымен 15 ешкіні 400 мыңнан 6 млн-ға алдырғанмын. Қазір енді 7 ай төлейтін уақытым қалды». 

Құны қымбат ешкінің бағасы 400 мың теңгеден басталады. 40 бас ешкі шамамен 15 млн теңгеден астам. Кәсіпкер шаруашылықты қолға алған кезде несие алыпты, енді қарыздан құтылуға санаулы айлар қалғанда банкротқа ұшырадым дейді.  Сүтінен қаймақ, ірімшік дайындап, отбасын асырап қана қоймай, несиесінде жауып отырған. Енді Құмар Нұрпейсова не істерін білмей дал болып жүр. 

ҚҰМАР НҰРПЕЙСОВА ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕСІ «10 жыл болды ғой енді айналысып жатқанымызға. Бүткіл Ақтауды, Мұнайлы, ауырып жатқан кісілерді, кішкентай балаларды, түгел қамтамас етіп отырдық. Құрт, ірімшік, үлкен кісілерге қаймағын тасып отырғанмын мен. Енді былай қарағанда бір отбасыны, 9 адамды асырап отырған мал бұл.Енді маған жартысы болсада көмектессе, тағы ешкі алып, осы үйреніп қалған жұмысымыз ғой». 

Оқиға болған күні әкімдіктен мамандар келіп, шығынды есептеп, АКТ толтырып, әр ешкіні суретке түсіріп кетіп қалған. Содан бері үн-түнсіз дейді шаруа иесі. Шыққан шығын өтеле ме?- деген сауалға жауап таппай әкімдіктің де, кәсіпкерлік бөлімнің де есігін қағыпты. 

 БЕКБОЛАТ ҚАБАТБАЕВ МҰНАЙЛЫ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ  «Ол бойынша енді біздің ауылшаруашылық бөлімі тарапынан және Батыр ауылдық округі мамандары және ветеринарлық станция бөлімі тарапынан АКТ жасақталып, тиісті басқармаларға, мысалы ауылшаруашылық басқармасына шара алу бойынша хат жолданды. Қазіргі таңда нәтижесін күтудеміз. Аталған кәсіпкерлікті, шаруа қожалықты қолдау мақсатында облысымызда “Бір ауыл-бір өнім” бағдарламасы аясында берілетін 5 млн грантқа, яғни жергілікті тауар өндірушілерге арналған кәсіпкерді қолдау мақсатында, сол жобаға қатысуға ықпал жасап жатырмыз».

Құмар Нұрпейсова кәсіптің қыр сырын меңгерген жан. Қаржылай қолдау көрсетіліп, шығыным өтелсе, ешкі басын көбейтіп, көпшілікті сүт өнімімен қамти беремін деп отыр. Несие алуға ниеті соқпай отыр,себебі мойнындағы қарыздан құтылу үшін көрер таңын көзбен атқызуда.