Биыл еліміз бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бірінші кезекте әкімдікте кезекте тұрғандар баспаналы болады. Жыл соңына дейін 12 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделеді. Осылайша қазақстандықтар жол азабын тартпайтын болады. Сондай-ақ 1800 шақырым газ құбыры тартылады. Нәтижесінде, 67 елді мекен көгілдір отынға қосылады. Республика бойынша 6,5 мың шақырым коммуналдық жүйе жөнделеді. Бұл туралы бүгін Парламенттің бірлескен отырысында үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты.  

Қос палатаның бірлескен отырысында бюджет қаражатының игерілуі туралы есеп тыңдалып, алдағы жоспар бекітілді. Баяндама жасаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл қанша шаршы метр тұрғын үй салынып, қанша жол жөнделетінін баяндады. Үй мен жолдан бөлек, республика бойынша барлық аймақта коммуналдық тозығы жеткен желілер жөнделіп, инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілетін болады. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 
"18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады биыл. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екі жеңілдетілген тұрғын-үй ипотекалық бағдарламалары іске қосылды “Отау” және “Наурыз”. Қазіргі таңда жаңа бағдарламалары бойынша 64 мың адамнан өтінімдер қабылдады. “Самұрық-Қазына” арқылы 222 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бағытталады. Тиісті кесте бекітілді, осы белгіленген кестеге сәйкес тиісті қаражат жергілікті органдарға жіберіліп жатыр".

Айтпақшы, үкімет басшысы күн суытқанға дейін су тасқынында зардап шеккен барлық азаматтар жаңа тұрғын үйге қоныстанады деп уәде берді. Ал, банядама жасаған қаржы және бюджет комитетінің есебіне сенсек, соңғы жылдары үкіметтің қарызы өсіп, 25 трлн теңгеге жеткен. Сондықтан, енді биыл көлеңкелі экономика бойынша жіті тексеріс, аудит жүргізілмек. 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ: "Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселені түсіну үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оның қорытындысы туралы алдағы уақытта хабарлайтын боламыз".

Экономиканың ахуалын бейнелейтін көрсеткіштер мүлдем көңіл көншітпейді деп сынады депутаттар. Айтуларынша, бюджеттің 489 млрд теңгесі былтыр тиімсіз жұмсалған. Ал, 70 млрд ақша тіптен иегірлмей қалған. Халықтың күн көріс деңгейі болса күннен- күнге түсіп барады. Оған мына сандар дәлел деді депутат Елнұр Бейсенбаев. 

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: "Елімізде жұмыс істейтін 10 млн адамның 9 млн.-да несие бар болса, борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтара алмай жүрген жеке тұлғалардың саны 3,5 млн адам. Оған қоса еліміздегі тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Бір жылда несие алушылар саны 5 трлн теңгеге өскен. Бұл цифрлар халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі".

Қос палатының бірлескен отырысынан соң, министрлер тілшілерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. Журналистер сағаттың ауысуына қатысты петицияға адамдар қол қойып болды, енді соңғы нәтиже қалай болады деп сұрады. Жауапты министрлік, бүгін арнайы комиссия құрылғанын айтты. Енді сол комиссия дәлелімен жан-жақты зерттеу, талдау жасайтын болады. Ол бір емес бірнеше отырысқа созылады. Кейін 40 күн ішінде олар шешім қабылдап, қортыныды бұқараға жарияланады деді. Ал, Кореяға барып ресми тіркеліп, жұмыс істегісі келген қазақстандықтар әлі де біраз уақыт бойы күтулеріне тура келеді. Өйткені, құжатпен кореялық тарап танысып, қарауда.