"

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залында "Бүгінгі аймақтық театрлардың хал-күйі және даму үдерісі" атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Театр – тірі ағза, ойландыратын орын. Сан ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өнер түрі. Іс-шарада отандық театр картасындағы 46 мәдениет ордасын құрайтын облыстық театрлардың хал-жайына сараптама жасалды, даму тенденцияларын айқындау жұмыстары талқыланды. Қатысушылар аймақтық театрлардың бүгінгі жай-күйі мен ғимарат мәселесін ортаға салды.

АМАНКЕЛДІ МҰҚАН, ӨНЕРТАНУШЫ КАНДИДАТ, ТЕАТРТАНУШЫ: "Театрлардың 85%-ы аймақтық жерлерде орналасқан. Ал олардың қаржыландырылуы, шығармашылығы жергілікті әкімдіктің құзіретінде. Ал министірлік Алматы мен Астана қаласын қаржыландырады. Сол себептен олардың мәселесін, ғимаратын шешу үшін жүйелі жүмыс істеу қажет. Еліміздегі театр мәдениетіне назар аудару қажет деп санадық".

Бүгін қазақ театрының 100 жылдығы қарсаңындағы ұлттық сахна өнерінің өзекті мәселелері қаралды. Шараға өнертанушы ғалымдар және магистранттар мен докторанттар, Қазақстан Театр сыншылар бірлестігі мүшелері қатысып саласының болашағын дамыту үшін ұсыныстар мен шешімдер ұсынды.

СҰЛТАНӘЛІ БАЛҒАБАЕВ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ: "Мен өзім ұзақ жыл театрда қызмет істедім. Сол себептен театрдың қазіргі жағдайы, бұрынғы жағдайы қандай деген сауалда ойландыратын мәселелер бар. Президент жаңа ғимараттармен толықтырып жағдай жасау керектігін айтты. Жаңадан қойылған пьессалардың халыққа қалай әсер ететіндігі, осыған ерекше көңіл бөлу керек"

Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттігі қай кезде де күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ қоғамдағы орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік органдарымен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен, шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей етіп реттеу- бүгінгі күніміздің басты мәселесі.