Израиль әскері Газа секторындағы Әл-Шифа аурухана кешенінің ішінде жасырылған қару-жарақ, құрал-жабдық және Хамастың жұмыс істеп тұрған басқару орталығын тапқанын хабарлады.
Кадрларда анықталған нәрселердің біразы көрсетілген.Reuters видеодағы орынды растап отыр. Израиль әскерилері рейд кезінде бейбіт тұрғындармен ешқандай қақтығыс немесе шиеленіс болмағанын және олар өмірлік маңызды гуманитарлық жүктерді жеткізгенін айтты.Хамас көптен бері Әл-Шифа астындағы туннельдерде командалық орталықты жасырды деп айыпталып келеді. АҚШ бұған дейін өз барлауы мұны растайтынын айтқан еді.
Хамас бұл мәлімдемелерді өтірік және насихат деп қабылдамайды. Газаның денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің науқастарды эвакуациялауға тырысып жатқанын көрсететін кадрларды жариялады. Куәгерлер жағдайдың шиеленіскенін, бірақ әзірге тыныш екенін айтты. Анда-санда атыс естілгенімен, бірақ зардап шеккендер туралы хабар жоқ.
Әскерилердің хабарлауынша, ауруханаға жеткізілген гуманитарлық заттар балалар тамағы мен инкубаторлар. Осы аптаның басында Газаның денсаулық сақтау министрлігі мекемеде қоршау мен электр қуатының болмауынан көптеген пациенттердің, соның ішінде бірнеше жаңа туған нәрестенің қайтыс болғанын хабарлаған болатын.
Осы арада АҚШ Президенті Джо Байден Газаны басып алудың үлкен қателік болатынын айтты. Оның айтуынша, Премьер-Министр Биньямин Нетаньяхумен сөйлескен ол Израиль-Палестина қақтығысын шешудің жалғыз жауабы екі дербес мемлекет құру болатынын атап өтті. Сондай-ақ Байден Газа секторында Хамас ұстаған адамдарды босату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Алайда ол жаққа америкалық әскерді жіберу жоспарда жоқ.
Сәрсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы шайқаста жедел әрі ұзақ гуманитарлық үзіліс жасауға шақырды. Резолюцияны Мальта дайындады. Оған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 12 тұрақты мүшесі дауыс берді. АҚШ, Ресей және Ұлыбритания қалыс қалды.