Елдің батысында тағы да газ тапшы. Отынның бұл түрі жанармайдан әлдеқайда арзан болғанымен, табу қиынға түсіп тұр. Қалтаға салмақ түсірмейтін сұйық отынды іздеп, сарсаңға түскен көлік иелері сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Ал айласын асырғандары УАТСАПП желісінен арнайы топ ашып, қайда газ барын біліп отыратын болған. Шенеуніктердің уәдесінен шаршағандар туралы келесі сюжетте.

Мұндай көрініске оралдықтардың көзі үйренген. Жанармай құю бекетін күні-түні аңдып, ұзақ-сонар кезекте тұратындардың билікке өкпесі қара қазандай. Амалы таусылған тұрғындар қазір уатсап желісінен "Газ қайда бар" деген чат ашып алыпты. 250-ге тарта адамның айтатын әңгімесі - біреу! «Газ қай жерде бар, кезек көп пе, жоқ па?»  Ал бұл топқа қосылмағандар жанармай бекеттерін шарлап, уақыттарын да, жүйкелерін де босқа сарып қылады. Төзімі таусылғандар «Газ неліктен болмайды?» деген сұраққа жауап іздеп таппаған.

Ал шенеуніктер жағдай қалыпты деген жаттанды жауапты қайталаудан жаңылмайды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылғасын көгілдір отын бір ай бойы Ақтөбеден жеткізілген екен. Бірақ оны таситын тепловоз табылмай, тағы тұрып қалыпты. Бұл аздай, темір жолмен жеткен газды автоцистерналарға қайта бөліп құю керек. Халықты тарықтырған газ тапшылығы осыдан туындапты-мыс.

МИРЖАН НҰРТАЗИЕВ БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Атыраудан бізге көлікпен тасығандықтан тезірек болады. Ал мына вагонмен келгесін, оларда кішкене стансаларда тұрады, өзіңіз білесіз, анда-мұнда тұрып қалғасын кейбір вагондардың кешігуі болды. Құдай қаласа, ертеңгі уақытта вагондар жеткізіледі деп ойлаймыз. 15 вагон бізде 500 тонна, сол 15 вагон келе жатыр.

Жауаптылар жағдай көп ұзамай түзеледі деп жұбатпақ болды. Өйткені атыраулық зауыт қайта іске қосылған. Оның үстіне облыс тұтынатын газ көлемін де арттырыпты. Енді ешкім көгілдір отыннан тарықпайды деген шенеуніктердің сөзі шындыққа жанасса игі.