Елдің бес облысында 5 мыңнан аса үй әлі де су астында. Солтүстікте жағдай тұрақталғандай. Дегенмен, бұл өңірде су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп болжайды мамандар. Батыста ахуал әлі де күрделі. Ал, бүгін бас шаһар Астананың басты көшелерінің бірін су басып қалды. 

Шығыс Қазақстан және Абай облыстары қауіпті аймақ тізіміне енді. Аталған өңірлерде күннің күрт жылынуына байланысты су деңгейі көтерілуі мүмкін. «Қазгидромет» солай дейді. Қазір еліміздің барлық өңірінде құтқарушылар мен еріктілер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

ДИНАРА НҰРҒАЛИЕВА ҚР ТЖМ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Су тасқыны басталғалы бері барлығы 118 180 адам, оның ішінде 44 254 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды. 8821 адам, оның ішінде 3 885 бала эвакуациялау пункттеріне орналастырылды. 4370 тұрғын үй мен 2737 аула аумағынан судың бағыты бұрылды».

Солтүстікте жағдай тұрақталды. Дегенмен екінші толқын қаупі бар. Сондықтан, теріскейліктерге арқаны кеңге салуға әлі ерте. 

ЕВГЕНИЙ ЖУРАВЛЕВ  СҚО ТЖД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Есіл, Қызылжар аудандарының елді мекендерінде және Петропавл қаласында су баяу болса да кетіп жатыр. Су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Оны біз Сергеев су қоймасына қарап байқап отырмыз. Қазіргі уақытта су бөгет шыңынан 2 м 93 см асты, тәулігіне 18 см артқан».

Оралда ахуал әлі де күрделі. Жайық өзеніндегі су деңгейі 8 метрге жеткен. Ел үрейленіп, жандарын шүберекке түйіп отыр. Ал, төтенше жағдайлар министрлігі болса, халықты тыныштық сақтап, балаларын қараусыз қалдырмай, эвакуациялық пункттерден рұқсатсыз шықпауды сұрады. Айтпақшы,   Астананың қақ ортасындағы  Ұлы дала көшесін су басты. 

Төтеншеліктер бұл қардың қарқынды еруі салдарынан болған жағдай дейді. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органмен бірлесе су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.