Еліміздегі оқырмандарға кеңінен танымал өңірлік басылымдардың бірі – «Атамекен» газеті. 90 жылдан астам тарихы бар бұл басылым Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы әлеуметтік-экономикалық реформалар мен маңызды жаңалықтарды үздіксіз жариялап, билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді.Жуырда ”Атамекен”ұжымы өз ардагерлерін құрметтеу мақсатында арнайы іс-шара өткізді. Бұл шара газеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагер журналистердің еңбегін бағалап, олардың еселі еңбегіне алғыс білдіруді көздеді. Тақырыпты толықығырақ тілшіміз баяндайды.

Ақындар мен батыр елінде бүгін – ерекше күн. Өңірдің төл басылымы, ұлттық журналистиканың қарашаңырағының бірі – «Атамекен» газетінің ардагерлеріне арналған мерекелік шара өтті. Халықтың мұңын атқарушы билік өкілдеріне жеткізіп, қордаланған мәселелерді қалт жібермей еңбек еткен ардагер журналистеріне ерекше құрмет көрсетіп отыр.Олардың қатарында 75 жасқа толып, редакцияның отынан кіріп,күлімен шыққан аға буын өкілдері бар.

НАҒАШЫБЕК ҚАПАЛБЕКҰЛЫ –ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЖАЗУШЫ: «Біз енді жасымыздан осы газетке мақаламыз шығуға іңкәр болып өстік. Журналист болу, газетщик болу - газетке тілші болу адамның махаббаты. Журналист болу махаббатсыз тумайды. Соны сүю керек. Титтайымыздан газетке мақалаларымыз шығып, 14 жасымнан мақалаларым шыға бастады.Ол кезде аптасына 3 рет шығатын. Компартия бар. Аудандық партия комитеті 1 үтір, 1 қате кетсе күнделікті қадағалап, таяқ жеп отыратынсың. Сондай болатын.»

«Атамекен» газетінің тарихына көз жүгіртсек, бұл басылымда қазақтың сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғалар қызмет етті. Олардың қатарында Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Әнуарбек Дүйсенбиев секілді біртуар қаламгерлер бар. Газеттің басшылық тізгінін әр жылдары Ханымбүбі Ақжолова, Мәжит Түменов, Нағашыбек Қапалбекұлы, Күмісжан Байжан, Есенқұл Жақыпбеков, Рәтбек Терлікбаев сынды зиялы қауым өкілдері ұстады.

КҮМІСЖАН БАЙЖАН ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ЖУРНАЛИСТ: «Аудандық Атамекен газеті осы газетте өзім 20 жыл бас редактор болғанмын. Маған дейін жазушы Нағашыбай Қапалбекұлы редактор болған. Екеуіміз бір сыныпта оқығанбыз. Бұл енді кештің мәні 1 сыныптан Жамбыл атындағы орта мектептен 5 журналист, жазушы шықтық.»

Ұлттың үні, елдің шежіресі болған «Атамекен» газеті өз оқырманының жүрегінен әрдайым орын алады. Журналистика майталмандарының өнегелі жолы – болашақ қаламгерлер үшін темірқазық болып қала бермек.