Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамдарына көңіл бөліп, «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман сыйлы болуы тиіс. Ондай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек»,-деген болатын. Бүгінгі таңда, зауыт, фабрикаларда, түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандардың рөлі маңызды. Олар бар күшін, ынта, жігерлерін жұмысқа жұмсап, отбасының қамы үшін аянбай тер төгіп жүр. Түптеп келгенде өз отбасының ғана емес, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген осы еңбек адамдары.
Руслан Райымбеков облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінде еңбек етеді. Күнделікті жұмысы таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін. Бірақ, тәуліктік кезекшіліктерге түсіп, түнгі уақытта да жұмыс істеуге тырысады. Көпбалалы әке ұлдарымның болашағы үшін аянбаймын, мен үшін жұмыстың қиыны жоқ,-дейді. 13 жасынан еңбекке араласып, қара жұмысқа еті үйренген азамат «еңбектің наны тәтті» екенін айтады.
РУСЛАН РАЙЫМБЕКОВ, КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫСЫ: «Бәріміз бала-шағамыздың қамын ойлап, күні-түні жұмыс істеп жүрміз. Жұмыс ондай не емес аса ауыр емес, өзімізге ұнайтын жұмыс. Бұрыннан істеп келе жатырмын. Зауытқа кіргеніме 1 жыл болды. Бір жылда шүкір Аллаға, бәрі орнымен. Жұмсы та жүріп жатыр, айлығымызды да уақытылы беріп жатыр».
Бұл салада он жылдай тәжірибесі бар қызметкерлердің бірі Нұрсұлтан Ахметов. Негізгі мамандығы бағдарламашы екен. Бастапқыда диплом бойынша жұмыс істегенмен, уақыт өте зауыттағы жұмысқа қызығушылығы ояныпты. Оның басты себебі жалақы мөлшері. Бұрынғы жұмысымдағы айлық мардымсыз болғасын, осы салаға бет бұруға тура келді. Содан бері он жыл өтіпті. Жұмыс қолымнан келеді, жалақы көңілімнен шығады, бала-шағамның нәпақасы осы жерде,-дейді кейіпкер.
НҰРСҰЛТАН АХМЕТОВ, ҚАЛЫП ҚҰЮШЫ: «Үйлерге плита құямыз ғой. Соларды напряжениелерді сниматтаудан бастаймыз. Сымдарды кесіп, дайындап, бетін жапқышпен жауып, оларды таңертең жинап аламыз. Жинап алып, кезек кезек жинап алып, қайтадан сым тартып, плита құя береміз. Көптеген қиындықтар болады, соған қарамастан, өзіміздің жұмысымызды жақсы атқарамыз».
Зауытта ерлермен иық тіресе еңбектеніп жүрген нәзік жандылар да бар. Солардың бірі аға зертханашы Карина Жүсіпбекова. Ерлердің қолынан шыққан барлық материал бұрымды бойжеткеннің қатаң тескеруінен өтеді.
КАРИНА ЖҮСІПБЕКОВА, ЗЕРТХАНАШЫ: « Барлық өнімдердің сапасын тексереміз. Содан кейін ғана оларды тапсырушыларға жібереміз. Сондай-ақ, бетон қоспасын, оның қалай құйылатынын қадағалаймыз. Ол тым сұйық болмауы керек. Өйткені, нәтижесінде өнімнің қалай шығатыны осы бетонға байланысты. Сондай-ақ, тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес әр өнімнің ұзындығын, енін, биіктігін тексереміз».
Шыжығы мен қызығы мол зауыт жұмысын таңдаған әр маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысады. Өйткені, оларға жұмыста басшылық, үйінде отбасы сеніп отыр. Бала-шағаның қамы үшін күн, түн демей еңбек етіп, тер төгіп жүрген еңбек адамдарының қоғамдағы орны қашан да жоғары болуы тиіс.