"
Қазақстанның жас қыздарын алдап-арбау арқылы жыныстық құлдыққа тартқан. ІІМ “Қорғаста” сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешенін бүркемелеп, заңсыз ұйымдастырылған казинолар мен притондардың жолын кесті. Аталған әрбір нысан тәулік бойы жұмыс істеп, күзетпен және қатаң фейс-бақылаумен қамтамасыз етіліп, негізінен шетелдік азаматтарды ғана қабылдап отырған. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ: «Жетісу облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және ҰҚКД 5 басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісе отырып, бес негізгі фигурантты, оның ішінде екі шетелдік азаматты ұстады. Сондай-ақ интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 18 жастан 36 жасқа дейінгі жалпы 21 адам жеткізілді, оның ішінде 6 шетелдік әйел. Тінту іс-шараларының нәтижелері бойынша ақша, ойын автоматтары, покер үстелдері және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Жетісу облысының полиция департаментімен жүргізіледі».