9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні. Айтулы күнге орай Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында «Жемқорлық-қоғам дерті» тақырыбында қалалық пікірсайыс турнирі өтті.

Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселе. Еліміздің қарыштап дамуы үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. 

АЙНҰР ҚУАНЫШҚЫЗЫ АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЗНЕС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ «Тәрбие – бесіктен басталады» деп қазақ еліміз айтқан. Әрқайсысы отбасынан, кіші кезінен осы тәрбиені салсақ, әрқайсысы өз үлесін қосып, жемқорлыққа қарсы екендігін білдіріп, соны істемеуге тырысса, біз адал үкіметке келеміз деп ойлаймын. 2003 жылдан осы күнді, 9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн деп санайды. Бұл – мейрам емес. Мақсатымыз – адалды Қазақстан! Соған барлығымыз бірге жетейік».

Турнирге 17 колледждің білім алушылары қатысты. Ойы озық студенттер өздерінің біліктіліктерін көрсетіп, жемқорлыққа қарсы өткір пікірлерін ортаға салды. 

ҚАЖЫТАЙ ДИАНА АЛМАТЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ «Қазіргі таңда осы болып жатқан дебаттың өзі басқалардың пікірін өзгертуге таптырмас бірден бір көмек деп ойлаймын. Болашақта саналы ұрпақтың қалыптасуымен, біз сияқты белсенді студенттер жиналып, саналы ұрпақты қалыптастыра алсақ, болашақтың бастауы бола алар едік».

Қасым-Жомарт Тоқаев, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Білім алушылар арасында өткен пікірталас турнирінің басты мақсаты мен міндеті де осы болатын. Турнир соңында қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, қаржылай қолдау көрсетілді.