Жетімдер үйі жаппай жабылуы мүмкін. Себебі, бұдан былай елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты жұмыс істейтін болады. Мақсат – бала құқығын қорғау. Ендігіде ата-анасының қамқорлығынсыз, қараусыз қалған жетім балаларды бірден балалар үйіне өткізбей, туыстары мен жақындарының тәрбиесіне беру көзделіп отыр. Егер ондай мүмкіндік болмаған жағдайда кәсіби асырап алушы отбасыларға жіберіледі. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты. Одан бөлек, вице-министр балалардың кітап оқуға деген құштарлықтарын арттыру мақсатында «Балалар кітапханасы» атты кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын да тілге тиек етті. Бұл тізімді әзірлеумен М. Әуезов атындағы әдебиет институты, Жазушылар Одағы өкілдері және мектеп кітапханашыларынан құралған тәуелсіз комиссия айналысқан. Оған әдебиеттің әртүрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын 1700-ден астам кітап кіреді.

ЕДІЛ ОСПАН ҚР ОҚУ-АҒАРТЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Тізімге балалар әдебиеті, поэзия және проза, драматургия, көркем журналистика, әдеби аудармалар, сондай-ақ ұлттық фольклор (ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер) кіреді. “Балалар кітапханасы” бағдарламасын жүзеге асыру үшін өңірлерге бекітілген көркем әдебиеттер тізімі жіберілді. Сондай-ақ мектеп кітапханасының қорын 2 млн данаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр».