Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы автожолдар орташа жөндеуден өтеді. Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына биыл 34,5 млрд теңге бөлінді. Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары бүгін аталған аудандарда болып, жолдардың жағдайымен танысып қайтты. 

Табиғаты әсем, туристік әлеуеті мол өңірдің жолының жағдайы осы. Мұнда қоныс тепкен елді мекендерге, таңдай қақтыратын туристік орындарға апаратын жолдардың жағдайы сын көтермес күйде. Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары аталмыш мәселені көптен көтеріп келеді.

ҒАНИ МЫРЗАХАНОВ «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ҰК АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ «Бұл жолдар кезінде 60-70 жылдары салынған жолдар. Сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ылғи орташа жөндеумен келе жатыр. Сол жолдарға биыл осы 300 шақырым жолдың 130 шақырымына орташа жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда осы конкурстар болып жатыр.»

Көптің қуанышына орай биыл «Ақсай – Шонжы – Қалжат», «Көкпек – Кеген – Түп» және «Кеген – Нарынқол» автожолдарында орташа жөндеу жұмыстары басталады. Кеген мен Нарынқолдың арасын байланыстырып жатқан 89 шақырымдық жолдың жағдайы жауыр аттың арқасындай күйде. Бұл мәселені шешу жұмыстарына қосымша 9 млрд теңге қарастырылғанын айта кетті  сенатор Жанболат Жөргенбаев.

ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Мен Сенат Төрағасы Мәулен Сағатханұлына кіріп, ол кісі жаңағы өзінің сәлемдемесін айтып халыққа, жұртқа, бәрін біліп отырғанын, бәрін көріп отырғанын, жаңағы министрмен жеке сөйлесіп, осы жылға бөлініп жатқан қаражаттарға сол кісілердің тікелей атсалысуымен тағы да 9 млрд теңге қаражат бөлінді. Осы мына екі ауданға қазірдің өзінде 34,5 млрд теңге тек қана республикалық жолдарға бөлініп жатыр».

Сондай ақ депутаттар Кеген ауданындағы өнер мектебінің құрылысымен танысып,аудандық аурухананың жәй-күйі мен әлеуетін өз көздерімен көрді.

ЗАКИРЖАН КУЗИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Кеген мен Райымбек ауданының әлеуеті артатын күн алыс емес.Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан шекарадан өту бекетін ашу көзделген. Қазір бұл бағытта көршілес Қытай Халық Республикасымен арада келіссөз жүргізіліп жатыр. Тақтайдай тегіс жолмен ауданның көрікті табиғатын тамашалауға туристердің де ағылып келетіні сөзсіз.