Кениялық үй қызметкері Вероника Маге ешқашан бөтен елде модель боламын деп ойламаған. Бірақ қазір Бейрутта әдемі киім киіп фотокамера алдында сәнденуде. Қызды Камерундағы мигрант және сәнді брендтің негізін қалаушы Джуффа Виани жалдаған. Оның киімдерін Миша Алис көрсетеді. Ол да Камеруннан.
Әйелдер Ливанға араб тіліндегі «кафала» жалдау жүйесін пайдаланып келді. Құқық қорғаушылар оны құлдықтың жаңа түрі деп атайды. Мигранттар үшін оларды жалдаған адам жауап береді. Ол төлқұжатын алып, қызметкерді демалысынан және жеке өмірінен шектей алады.
НГЕМАКУЭ ДЖУФФА ВИАНИ СӘНГЕР: "Мен Ливанда үй тазалаушы болдым. Онда көптеген қысымшылыққа тап болдым. Мен есіме алғым келмейтіндей қиын жағдайларды бастан кештім ".
МИША АЛИС СӘНГЕР: "Басқалардай өмір сүруге құқық жоқ.Түрмеге түсіп, сені біреу басқарып жатқандай.Өмір енді толығымен сенікі емес. Бірақ біз егерде қиындыққа тап болсаң, шағымданба қайта, одан шығу жолын ізде деп жиі айтамыз».
Джуффа тығырықтан шығу жолын модельер болу арқылы тапқан. Бір кездері осы мамандықты Парижде үйренуді армандаған. Арманына жетуге Камерунда алған білімі көмектескен. Енді африкалық маталардан түрлі киімдер тігеді.
НГЕМАКУЭ ДЖУФФА ВИАНИ СӘНГЕР: «Осы матамен жұмыс істеу маған өзмәдениетіммен, отаныммен, Африкада,Камерунда болатын мерекелермен байланысуға мүмкіндік береді».
Дизайнер екі жыл бұрын «Виани де Марсо» брендін құрған. Кәсібі дөңгелене кеткен ол енді басқа мигранттарға жұмыс бере алады.
ВЕРОНИКА ВАНИЙКУ МАГЕ МОДЕЛЬ: "Зорлық-зомбылық көрген әйелдің осындай жетістікке жеткені таң қаларлық құбылыс. Мұндай адамдар өздерін сөз ғана емес, шығармашылық арқылы да танытады ".
Ал модельер өзінің өмір тарихын бүкіл әлемге айтып, туған мәдениетін дәріптеуді мақсат етуде.