Маңғыстауда бір топ жасөспірім 14 жастағы мүмкіндігі шектеулі жанды соққыға жыққан. Шырылдаған анасы кінәлілердің қатаң жазалануын талап етіп отыр. Себебі аталмыш жағдай бірінші рет емес екен. Мейрамбек Рақымбердіні өткен жылы да бірнеше бала көшеде тепкінің астына алған.

Екінші рет жәбір көрген Мейрамбекті былтыр да 10 бала жабылып ұрып, алған жарақаттарынан 4 күн есін жия алмай жатыпты. Кейін жасөспірімде селкілдек ұстамасы пайда болған. «2-дәрежелі эпилепсия» диагнозы қойылып, үшінші топтағы мүгедектік тағайындалған. Баламның денсаулығын қалпына келтіру талабым дейді Анасы.

ӘСЕМ РАҚЫМБЕРДИЕВА М. РАҚЫМБЕРДІНІҢ АНАСЫ:«Менің күдігім алдыңғы балалармен тікелей байланысты деп ойлаймын. Себебі тек менің баламды басынан тебе берген 10 шақты бала.Барлығы бір команда деп ойлаймын. Себебі алдыңғы іс 1 жыл болды жүріп жатыр.Менің талабым - баламның денсаулығын орнына келтіру, емдету».

Соққыға жыққан жеткіншектер әкімшілік жазаға тартылған. Одан кейін ұрып-соғу ісі әкімшілік істен қылмыстық іске ауыстырылғанын мәлім етті облыстық полиция департаменті .Күдікке 14 және 15 жастағы 2 мектеп оқушысы ілінген.

БАЙЖАН БАЙГЕЛДІ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Маңғыстау облысында жасөспірімдердің кәмелетке толмағанды ұрып-соғуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта полициямен кінәлі адамдар анықталды. Іс Маңғыстау облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында».

Алғашқы жағдайдан кейін құзырлы органға жазылған арыз бойынша іс әлі сотта қаралып жатыр. Сол шағымға қатысты өш алу мақсатында кінәлілер тағы да соққыға жыққан болу керек деп топшылайды Анасы.