Топан судың қорқынышы басқаларға да үрей әкелуде. Ақмола облысындағы Қылшақты өзенінің суы облыс орталығындағы сапаржай шағын ауданындағы жолдарды шайып, үйлерге кірген. Судың сарқылар түрі жоқ. Қазір қолдан келер істің барлығы жасалуда. Ал, қара шаңырағынан қара түнде айырылып, қапа болғандар енді не істерлерін білмей дал.

Бұл орталық арық өтетін Остапенко көшесі. Қожайын 16 жылдан бері су басудан артық көргенім жоқ дейді. Жоғары жақтағыларға да шағымданып шаршаған. Барлығы тек ауызбен орақ орып, іске жоқ деп күйінеді тұрғын.

ЖАНАТ ҚОЖАЕВ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Орталық арық менің үйімнің аумағынан өтеді. Үй мен бақшаның ортасында орналасқан. Жыл сайын суға кетеміз. Менің ауламнан шыққан су көршілерге, мектепке дейін жайылады. Шамамен, 30 шақты үй зардап шегеді. Жыл сайын жиhаз ауыстыруға мәжбүрмін. Асып бара жатқан байлығым жоқ. Бірақ, жағдай осындай. Су соратын құрылғыны да өзім сатып алдым. Мәселенің қашан шешілетіні белгісіз». 

Қазір су басу қаупі ең жоғары аудандардың көшін вокзал бастап тұр. Жұмылдырылған күштің көбі осы жерде жүр. Күн түн демей жанталасып жатқандардың сөзінше, суды тоқтату қиындық тудыруда. 

МАКСИМ ШАТКОВСКИЙ КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: «Өзен деңгейі күрт жоғарылап кетті. Одан бөлек, қатқан мұздар кедергі жасап, көпір астындағы су өткізу қондырғыларының күші жетпегендіктен, су арнасынан шықты. Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері жұмылдырылып, Абай көшесінің бойындағы көпірден Қопа көліне дейінгі аймақтағы өзен мұздарын жару жұмыстарын жүргізіп жатыр». 

Қала әкімдігі зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созуға дайын екендерін де айтты.

ДӘУЛЕТ ЖҮНІСОВ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тұрғындарға көмек көрсетеміз. Арнайы желі қызметке қосылған. Сол номерлер бойынша хабарласа алады. Бүгіннің өзінде тұрғындардан арыз-шағымдар түсіп жатыр. Қазір біз үшін маңыздысы Қылшақты өзеніндегі мұздарды шығару. Одан кейін жағдай реттеледі. Оқиға орнында төтенше жағдайдың 30 қызметкері мен мердігер компаниялардың 60 шақты маманы жүр.  Жағдай жергілікті атқарушы органның назарында». 

Әкімдіктегілер есеп беру кезінде барлық жағдайға дайынбыз деген болатын. Бірақ, бүгінгі жағдай біраз уәденің қаншалықты рас екендігін көрсетіп бергендей. Тұрақты жерінен айырылған тұрғындарға көмек көрсетілсе де, тірнектеп жинаған дүниесін қайта қайтара алмайтындары анық.