Көмірді алып-сатар делдалдармен күрес күшейеді. Бағаны негізсіз өсіріп, қолдан қымбатшылық жасағандар жазаланады. Осы мақсатта арнайы жұмыс картасы әзірленді. Қазірдің өзінде Қазақстандағы үш ірі кәсіпорын көмір бағасын негізсіз қымбаттатқаны анықталған. Оларға қатысты хаттама толтырылып, іс құзіретті органдардың қарауына жіберіліпті. Бүгін Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Дмитрий Малаховтың төрағалығымен алдағы жылыту маусымына байланысты ведомствоаралық кеңес өтті. Кеңес барысында халыққа отынның маусымдық қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеу үшін өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
ДМИТРИЙ МАЛАХОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: «Агенттік мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, салықтық міндеттемелерді орындау және салық төлеуден жалтару мақсатында шығындарды жасанды түрде көбейту бойынша көмір өндіруші кәсіпорындарға тексеру жүргізіп жатыр. Бұған қоса мемлекеттік мекемелердің көмірді қымбат бағамен сатып алып алу фактілері анықталды, ондай құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында жұмыс күшейді. Түпкілікті тұтынушы үшін бағаға теріс әсер ететін өнімсіз делдалдармен «сұр» схемалар жалғасуда. Біз бұл бағыттағы жұмысты жыл соңына дейін жалғастыратын боламыз».
МӘДИ ТАКИЕВ ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
«Көмір нарығында көптеген делдалдар бар. Оларды жою мақсатында мониторинг жүргізіліп, негіздер анықталған жағдайда кешенді тексерулер басталатын болады. Көмір саласындағы «алыпсатарлық» схемалардың алдын алу және өнімсіз делдалдарды жою бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келдік. Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік көмірдің жасанды қымбаттауы мен тапшылығын болдырмауға бағытталған нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімдері көрсетілген Жол картасына қол қойылды. Енді жұмыс күшейеді».