Лондонда жаңа көрме ашылды. Көрме сән әлемінің ең ірі есімдерінің бірі, француз дизайнері Габриэль Коко Шанельдің твид костюмдерінен бастап әртүрлі кішкентай қара көйлектерін көрерменге ұсынатын болады.

Көрме Виктория мен Альберт мұражайында ашылды. Сән көрмесі «Габриэль Шанель. Сән манифесі» деп аталады. Бұл жерде дизайнердің туындылары туралы, сондай-ақ оның жалпы сән индустриясына қалай аяқ басқаны толық көрсетілетін болады.

КЭРОЛ БЁРКС КӨРМЕ КУРАТОРЫ: «Бұл көрмеде Шанельдің сән әлеміне кіруінен бастап, 1971 жылғы шыққан соңғы топтамасына дейін көрсетіледі. Осылайша, көрме оның сәнге деген ерекше көзқарасының айқындаушы элементтерін қамтиды».

Ұсынылған киімдердің арасында атақты твид костюмдері, кең және белі төмен көйлектер, сондай-ақ жарқыраған кешкі көйлектер де бар.

КЭРОЛ БЁРКС КӨРМЕ КУРАТОРЫ: «Габриэль Шанель ең алдымен өзі үшін киімдер шығарды. Ол шынымен де белсенді, тәуекелшіл әйел болды. Сондықтан да ол қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ететін, ыңғайлы, практикалық элементтері бар, қарапайым болса да талғамды көрінетін киімдерді шығаруды қалады».

Оның шығарған киімдері, аксессуарлары мен әтірлері әрқашан сатылымда сәтті болды. 1910 жылы негізі қаланған Chanel бүгінгі күнге дейін әлемдегі ең танымал люкс брендтерінің бірі болып қала береді.

КЭРОЛ БЁРКС КӨРМЕ КУРАТОРЫ: «Габриэль Шанельдің біздің бүгінгі киіну үлгімізге берген негізгі әсерлерінің бірі - бейімделгіштік пен практикалық сезім. Ол үнемі ең алдымен қозғалыс, жайлылық және киім киюден ләззат алу мүмкіндігі туралы ойлады».

Коко Шанель 1971 жылы 87 жасында қайтыс болды. Марқұм дизайнер Карл Лагерфельд 1984 жылы люкс брендінің тізгінін қолына алды. Кейін, ол дизайнер өмірден өткен соң, 2019 жылы оның орнына шығармашылық директор болып Вирджини Виард келген болатын.