Маңғыстаулық атбегілер "Адай жылқысының" тегін құжаттау қажеттігін айтады. Тұлпарларымыздың тегі паттентелсе, ұлттық спорттың дамуынада тың серпіліс беретіні сөзсіз. Жарты ғасырдан бері зерттеліп келген жылқының тектілігін дәлелдеу үшін былтыр 50 млн теңге бөлінген. Кешегі өткен "Ұлы дала жорығында" Адай жылқылары рекорд жаңартты. Алайда  бәйгелерде орын алып жүргенімен, әлі де өз төлқұжатын ала алмай жүр. Енді қайтпек керек? Толығырақ келесі бейнесюжетте.

Әлемді мойындатқан Адай жылқылары сонау Францияда өткен бәйгеде бақ сынап, даңқы шартарапқа шыға бастағанымен араб, ағылшын, түркімен тұлпарларынан кем түспеген текті жануардың әлі күнге дейін «Адай тұқымы» деп патенттелген құжаты жоқ.

ӘЛЕКЕ БӨЛТЕКОВ  АТБЕГІ:  «Болашақта Гиннестен адамдар келсе, кітапқа енсе. Халықаралық төрешілер өздері қашан, қанша жол жүріп өткенін белгілеп алды. Бұл енді әлемде болмаған қуантарлық жағдай. (05:17-05:28) Өзін ұзақ қашықтыққа мықты екенін дәлелдеп, кез келген шөпті жеп кете береді. Көп күтімді қажет етпейді».

Теңіз суымен шөл қандырып, шөлейтте де шабысынан жаңылмайтын жылқының тұқымы кең таралып келеді. Ал ауыл ақсақалдарының айтуынша Адай жылқылары халықаралық бәйгелерден де бос қайтпаған. Содан да болар сәйгүліктерге қызығушылық жоғары. Ал, шетелдіктер болса, құжатқа баса мән береді.

АМАНҒАЛИ БАҒДАБЕВ  АТБЕГІ: «Бізге енді осы паспортты берсе біз соған қуаныштымыз. Ата-бабамыздан қалған бір жылқының төлқұжаты қолымызға тисе. Әлемдік жарыстарға барғанда, қай жердегі жарыстарға барғанда да осындай ата-бабамыздан қалған жылқы екенін көрсетеміз. Бұл жерде "Адай жылқысы" деген атағы болмаса қарапайым қазақтың тұлпары ғой».

Ғалымдар «Адай жылқысын» мінсіз тұлпарға теңеген. Ал оның генетикалық ерекшелігін зерттеу жұмыстары осыдан 50 жыл бұрын басталған. Алайда, әртүрлі кедергілердің кесірінен тұралап қалған. Зерттеу жұмыстары 2020 жылы қайта жанданды. Ал былтыр Президенттің өзі арнайы Маңғыстауға сапары барысында сирек тұқымға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ол үшін ғалымдарға 50 млн теңге бөлінді. Енді ғылыми тұрғыда дәлелдей алсақ, әлем алдына тағы бір брэнд пайда болады.

ДӘУРЕН СЫДЫҚОВ  “ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ” ЖЫЛҚЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Ал енді оның міндетті түрде генетический паспорты болу керек. Сол генетический паспортизацияға біз кірістік. Біздің мақсатымыз осы Маңғыстаудан минимум 1000 жылқының биоматериалын, яғни жалынан қыл жұлып аламыз. Лабораторияға апарамыз. Лаборатория оның ДНК-сын ашып, соларды базаға қояды».

Сынама қорытындысы жыл соңына қарай шығады. Нәтижесі оңынан оралса, асыл тұқымды ат баптайтын атбегілер үшін мемлекеттік қолдаудың аясы кеңеймек. Ұлттық спортта халықаралық талаптарға сай дамитыны сөзсіз.  Шабандоздар үшін жаңа әрі заманауи атшабар алаңдары да пайда болуы мүмкін.