Чип салу немесе оларды есепке қою міндеттелгелі бері үй жануарлары  мысық пен иттің саны базада артқан. СҚО Мамлют ауданының өзінде 200-ге тарта ит-мысық чиптелген. 

Жануардың электронды төлқұжатын заманауи тілде «чип» деп атап жүрміз. Оның үй жануарларына еш қатері жоқ. Тіпті арнайы базаға иесі туралы мәлімет енгізіледі.

ОЛЬГА ЧЕРНЫШОВА СҚО МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Енді итіміз қайда кетіп қалды деп уайымдамаймыз. Тіркеу тегін. Бұдан қорқудың еш қажеті жоқ. Үй жануарына да зиянды емес». 

РАЗАЛЬЯ ЗАКИРОВА СҚО МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Малыш» есімді итімізді чиптедік. Қауіпсіз. Үй жануары ауырсынбады. Бұльжақсы бастама деп ойлаймын. Басқаларына да кеңес беремін». 

Чип орнату үшін  ветеринарлық клиникаға барасыз. Күшік пен марғау  бесінші, алтыншы аптада есепке алынуы тиіс. Сосын оларға инъекция жасалады. Сондай-ақ, уақыты чиптелмеген жануарлар үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 

АЛЕКСАНДР БЕРНИКОВ СҚО МАМЛЮТ АУДАНЫ ВЕТЕРИНАРИЯ СТАНЦИЯСЫНЫҢ МАЛ ДӘРІГЕРІ: «Бүгінде Мамлют ауданында 150 ит пен 50 мысық чиптелді.Олардың 86-сы ғана аудан орталығынан. Бұл тұрғындарға үй жануарларын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Себебі чип арқылы сәйкестендіру нөмірі енгізіледі. Кейін жануар иесіне ветеринарлық құжат табыс етіледі».

Статистикаға сүйенсек, СҚО жыл басынан бері 3016 ит пен мысық есепке алынды. Чиптеу құны - 3500-6000 теңге аралығында. Ал әлеуметтік осал топтар үшін чип қойғызу тегін.