"

АҚШ өрт сөндіру қызметінің маманы Дэниел Медрано Нью-Мексико штатындағы Санленд-Парктің адамдар аз жүретін аймағына келді. Ол жерден  босқындардың денесі табылды.

Соңғы 12 айда патруль Эль-Пасо секторындағы ыстықтан  60 мигрант өлімін тіркеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

ДЭНИЕЛ МЕДРАНО – ӨРТ СӨНДІРУШІ:"Бұл біздің күнделікті жұмысымызға айналды.  Денесі бір аптадан астам уақыт осында жатқан сияқты. Біз оның бұта жанында жатқанын көріп отырмыз. Бәлкім, адам көлеңкеге тығылуға тырысқан шығар. Тура осындай жағдайды біз қаладан шамамен сегіз шақырым қашықтықта байқадық ".

Белсенділер көп жылдан бері босқындар  үшін шөлейт климат қауіпті екенін ескертіп келеді. Адам саудагерлері оларды жиі сусыз тастайды немесе жүк көліктерінің қапырық тіркемелеріне тығып қояды.

ФИДЕЛЬ БАКА – ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:"Оларды қатты ыстықта, желдеткішсіз жабық көлікте тасиды.  Бұл адамдар ұзақ уақыт су ішпестен, аптап ыстықта бір-біріне қақталып, ауа жетпей қиналып қалады.  Бұл сөзсіз қайғылы оқиғаларға әкеледі".

Жыл басынан бері ауданда өлім-жітім саны  өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп, рекордтық 148 өлімге жетті. Сектор Чиуауа шөлін, Нью-Мексиканы және Техастың кейбір бөліктерін қамтиды. 

РАМИРО РИОС – ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:"Бұл мигранттар Гондурас, Венесуэла, Колумбия сияқты климаты өте ылғалды елдерден келеді. Олар шөлге шығып, бағдарын жоғалтады, жол таба алмайды ".

Нью-Мексико мен Техаста жаз бойы ауа температурасы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары болды, ал Эль-Пасода 44 күн қатарынан рекордтық 38 градус   температурадан түспеді.