Орталық Азияда алдағы 10 жылда энергетикалық коллапс болуы мүмкін. Сондықтан, атом электр станциясы Қазақстанға ауадай қажет. Тұрақты әрі үздіксіз энергия қуатын қаласақ, онда тездетіп Атом электр станциясын салуымыз керек. Қоғамда көтеріліп жатқан ауқымды тақырыптың мән жайын әріптесім бақылап көрді.

Бүгін Астанада АЭС-ке қатысты қоғамдық пікірталастар циклін жабатын соңғы жария талқылау өтті. Жиынға келген халықтың қарасы көп. Алматымен салыстырғанда бас шаһардағы жиын әлдеқайда тыныш өтті. Бірақ, қолдаушылармен қатар қарсы тарап та табылды. Олар қауіпсіздік мәселесін көтеріп, келер ұрпақтың болашағын ойласақ атомға жоламау керек деді. Дегенмен, көпшілік қолдайтындарын айтуда. Тіпті жастар жағы жаңа мақал шығарып келген. «Ат-ер қанаты, Атом- ел қанаты», «АЭС – болашақ қуаты» деген тіркестер жазылған плакаттарды жиынның басынан соңына дейін екі сағаттан астам уақыт бойы тапжылмастан ұстап тұрды. Осылайша, олар жастардың АЭС-ке қатысты көзқарасын білдірмек ниетте болған сыңайлы. Жария талқылау барысында азаматтар технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да өздерін қызықтыратын кез келген сұрағын қоя алды. Қарсы тарап жауапты мамандарды дебатқа шақырып еді, егер білікті ғалымдар болса, сарапшылар пікір таласқа дайынбыз деп отыр. 

АСУАН СИЯБЕКОВ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ» ЖШС ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ: «Осы жобаны қолдайтын тараптың басым екенін айтып кеткен жөн. Себебі, энергетикалық тұрақтылық, экономикалық тұрақтылық баршамызға керек. Егерде осындай үлкен генерациялық жабдықтарды дамытпайтын болсақ, онда өнеркәсіп дамуы тежеледі. Қазіргі кезде ұсынылып отырған генерациялық жабдықтардың бірі ол атом электр станциясы».

Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси аспект екенін айтқан болатын. Алайда, бұл мәселенің соңғы нүктесін халық қояды. Биыл күзде референдум өтеді деп жоспарланып отыр. Референдумның нақты қай күні болатыны әзірге белгісіз.