Петропавл қаласының тұрғыны Ғабит Темірбеков бұтақтар мен ағаш діңгегінен түрлі бұйым жасайды. Бүгінде шебердің 100-ге жуық қолөнер туындысы бар. Көркі көз тартатын бұйымдарды қазір қаланың көрнекті жерлерінен, музейлер мен орталық алаңнан кездестіруге болады.

Ғабит Темірбековтің бітірген мамандығы - биология пәнінің мұғалімі. Ал, қолөнер жұмыстарымен бала күнінен айналысады. Шебер ыдыс-аяқ, ат әбзелдері мен жиһаздың түр-түрін жасайды. Ағаштың түбірін кәдеге жаратып отырған оның бұл еңбегі көпке үлгі. Бұйым жасауға қажет шикізатты табу үшін шебер қала көшелерін, орман мен өзен жағалауларын жиі аралайды.

ҒАБИТ ТЕМІРБЕКОВ АҒАШ ШЕБЕРІ:

«Қолөнерге деген қызығушылық бойыма отбасымнан дарыды. Анам - суретші. Әкем - қолөнер шебері болған. Мен де олардан алыс кетпей, осы салаға жақын болып өстім. 7 сыныпта оқып жүргенде,  шеберлік сабақтарына қатысатынмын. Осылай ағаштан әртүрлі бұйым жасай бастадым. Айналаңызға зер салып қарасаңыз, әр ағаштың сыртқы бедерінің өзі өте ерекше. Мен сол өзгешелікті сақтап қалғым келді. Қазір түрлі дизайн мамандары бар. Дегенмен, олардың жасайтынын табиғат бізге былай да беріп отыр. Тек оны сәл өңдеп жіберсек болғаны».

Ғабит Темірбековте құрал-сайманның түр-түрі бар. Ағаш шебері жұмысқа көбінесе қайың, емен және қарағай ағаштарын пайдаланады. Алдымен ағашты кесіп-жонып, кейін сырлайды. Егер шабытына қанат бітсе, бір түнде бірнеше бұйымды жасап шығады.

ҒАБИТ ТЕМІРБЕКОВ АҒАШ ШЕБЕРІ:

«Мен жұмыс барысында көбінесе өзімнің ескі құрал-жабдықтарымды пайдаланамын. Автоматтандырылған ештеңе жоқ. Бәрін сағаттап отырып өзің ойып, кептіресің. Ебін тапсаң, бәріне қол жеткізуге болады. Кейде жасаған бұйымдарыма шетелдіктер де қызығушылық танытып жатады. Көп болмаса да, бірнеше тұтынушым бар. Мен бұл іспен, табыс көзі ретінде емес, қолөнерді жақсы көргендіктен айналысамын. Шығармашылығымды шыңдай бергім келеді».

Қазір Ғабит Темірбековтың қолынан шыққан бұйымдарды қаланың көрікті жерлерінен кездестіруге болады. Олар Петропавл қаласының музейлері мен білім ордаларына  да қойылған.

ҒАБИТ ТЕМІРБЕКОВ АҒАШ ШЕБЕРІ:

«Орманға барсаңыз осындай әртүрлі пішіндегі ағаштарды кездестіресіз. Бірі айналып, енді бірі домаланып өседі. Мен соларды жинаймын. Шеберханама келген соң, көлемі мен ерекшелігіне қарап кез-келген затты жасауым мүмкін. Мысалы, қазір қолымда құмыра тұр. Оны жасауға қолданған ағаш діңгегін көл маңынан тапқан болатынмын».

Асқан төзімділік пен ептілікті талап ететін өнерде 40-жылдан бері шыңдалып, қолтаңбасы қалыптасқан шебердің атқарғаны көп. Бірнеше көрме өткізіп, өңірдің қолөнер саласының дамуына да үлкен үлес қосып жүр.