Петропавлдың 49 жастағы тұрғыны ескі көлік доңғалақтарынан түрлі мүсін жасайды. Ол алғашында немересінің өтінішімен балапанның фигурасын құрастырып көрген. Кейін мұны тұрақты табыс көзіне айналдырып, кәсіп бастаған.

Қазір автокөлік шиналарын бақша фигураларын жасауда, саяжай аумағын безендіруде жиі қолданады. Сондықтан әлеуметтік желілерде ескі доңғалақтан небір фигура жасаған түрлі бейнежазбаны кездестіресіз. Мереке Айтмағамбетов те өз кәсібін осылай бастап кетті. Немересі әлеуметтік желіден әдемі мүсіндерді көріп, атасынан жасап беруін өтінген. Осылай алғашқы 3 фигура дайын болып оны көршілер, туыс-туған көріп қызығушылық танытады. Кейіпкеріміз сұраныс бар екенін байқап, өндіріс ашып, кәсібін бастаған. Қазір қарамағында 5 адам жұмыс істейді.

МЕРЕКЕ АЙТМАҒАМБЕТОВ  ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: «Дөңгелектерді шиномонтаждан аламын. Ол жерде жарамсыз шиналарды іріктейді.Солардан аламын. Кейбір шиномонтаждар тегін береді, кейбірі тиын-тебен шайға тастап кет дейді. Жұмасына 1 рет мен дөңгелектерді кәсіпорынға апарамын. Бір жұмада 25-27 фигура шығады. Өткен жолы 30-ына тапсырыс берді.Ондайды мен күткен жоқпын».

Бұл айтуға оңай болғанымен іс жүзінде қиын шаруа. Сапалы дүние жасаймын десеңіз, біраз ізденіп еңбектенуді талап етеді. 

МЕРЕКЕ АЙТМАҒАМБЕТОВ  ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: «Дөңгелектер жуылады. Кейін оларға пішін беріп, кесіп, бәрін дайындаймыз.Тек содан кейін оны бояуға болады. Мына аттың мүсінін алып қарасақ. Дөңгелегін, арбасын істеуге 2 күн уақыт кетеді. 1 күн бояуға кетеді. Сосын тағы 1 күн кебуі керек».

Қазір кейіпкеріміздің үйінің алдында 30-ға жуық мүсін дайын тұр.Оның біраз бөлігі қаладағы ойын алаңдарын безендіру үшін қолданылмақ. Мереке Айтмағамбетовтың қолынан шыққан кейбір мүсіндерді жергілікті балабақшалардың алдынан кездестіруге болады.

ЕРБОЛАТ ЖАНТАСОВ  БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ: «Балабақшамыздың бірінші жылдық жұмыстарының негізгі міндеттері – ата-аналармен жұмыс болып табылады. Балаларды дамыту үшін, тұлға болып қалыптасуы үшін тек тәрбиешілер ғана емес, ата-аналар да жұмыс істеуі керек. Біздің ата-аналарымыздың ішінде атасы болып осындай мүсіндер жасап берді. Кіріп келген кезде өте әдемі көрінеді».

Енді шебер кәсібін кеңейтіп, қызметкерлер санын өсіруді жоспарлап отыр.Ол үшін қайтарымсыз грант алуға да ниетті.