Премьер-Министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының алғашқы нәтижелерімен танысты.

Үкімет басшысы Петропавл қаласындағы Бірлік ықшам ауданында жаңадан бой көтерген үйді аралап, жаңа баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жоюда түсіністік танытып, көмектескені үшін тұрғындарға алғысын білдірді. Құрылыс қарқыны мен пайдалануға берілген тұрғын үйдің сапасы, сондай-ақ су тасқынынан кейінгі кезеңде тұрғындарды қолдау мәселесі талқыланды. «Бірлік» ықшам ауданында барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ сапар барысында Олжас Бектенов қалпына келтіруге жататын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты. Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір.

Мәселен, тек Ойқала ықшам ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр, Петропавл бойынша барлығы 85 осындай құрама бар. Қазіргі таңда едендерді ауыстыру, қабырғаларды сылау, гипс қатырмасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.