ІІМ кезекті рет жүргізушілерге үндеу жасады. Полиция қызметкерлері барлық көлік жүргізушілерінен жол жүрісі ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Себебі, соңғы жылдары жол-көлік апаттары екі есеге жиілеген. Мәселен, 5 маусымда ғана Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, жолда аударылып, салдарынан төрт адам қаза тапты. Алайда, апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау туралы ескерткен екен. Осындай жүгенсіз жүргізушілердің кесірі қаншама бейнкүнә адамдардың өмірін жалмауда.
ӘЛІБЕК ҚЕҢІСПАЕВ ҚР ІІМ ӘПК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта күн сайын трассаларда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған. Жүргізушілер көбінесе жол ережелерін елемейді. Жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады».