31 жастағы Ауғандық Маджида Пәкістанда дүниеге келген, күйеуі және алты баласымен Карачиде тұрады. Соңғы жағдайларға байланысты күйеуі қамауға алынудан қорқып, үйден шықпай отыр. Пәкістан үкіметі барлық заңсыз босқындар Ауғанстанға оралуы керек деп мәлімдеді. Мерзімі бірнеше күннен кейін аяқталады. Сосын адамдарды депортациялауға уәде берілген. Маджиданың отбасында уақытша тұруға арналған құжаттары болса да, оның туыстары бірнеше рет ұсталған.

МАДЖИДА АЗИЗУЛЛА - ПӘКІСТАНДА ТҰРАТЫН АУҒАНДЫҚ ӘЙЕЛ: «Күйеуім үйден шығуға қорқады. Бірнеше күн бұрын мен ауырып қалдым. Үйімнің жанындағы базарда қажетті дәрі-дәрмек жоқ еді. Бірақ ол, дәріхананы іздеуге бармады».

Пәкістанда төрт миллионға жуық ауған босқыны тұрады. Шамамен бір миллион 700 мыңы құжатсыз.Олардың барлығы кетуі керек. Алайда, кейбірі ата-бабаларының туған жерінде ешқашан болмаған.


МҰХАММЕД РАХИМ - АУҒАН БОСҚЫНЫ «Егер бұйрық болмаса, мен өмірімде ол жаққа бармас едім, өйткені мен жергілікті тілді білмеймін. Біз онда өмір сүруге үйренбегенбіз. Менің бүкіл өмірім осы жерде өтті, балаларым осында туылды».

Ауғанстандық босқындардың бірінші толқыны Пәкістанға 1979 жылы Ауған соғысы басталғанда келген. Жақында Ауғанстандағы билікті Ресейде және басқа елдерде тыйым салынған «Талибан» тобы басып алғаннан бері жаңа ағын ағылды. Қыркүйек айының соңынан қазан айының соңына дейін 60 мыңға жуық ауғандық отанына оралды. Көптеген адамдар мұны өз бетімен жасағанды жөн көрді, өйткені депортацияға байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Ресми құжаттары мен жұмысқа рұқсаты бар ауғандықтар қала алады. Сонымен бірге Пәкістан билігі жалған құжат сатып алмақ болғандарды жазалауға уәде беріп отыр. Пәкістан ауғандықтарды осы жылдың басында жанкешті жарылыстарды ұйымдастырды деп айыптап, елден шығаратынын жариялады. Исламабад оларды контрабандамен айналысты деп те айыптады.