Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Франция Президентінің Астанаға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронның өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтіп, екі ел халықтарының игілігі жолындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады.Мемлекет басшысы мәдени байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып, француз мәдениеті мен тілін Қазақстанда ілгерілету қажет екенін айтты.Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Франция – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесінің бірі. Биылғы сегіз ай ішінде сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсті. Яғни 2,7 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ Франция негізгі шетелдік инвесторларымыздың қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Франциядан Қазақстанға 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. Бүгінде біз энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен, химия, машина жасау, құрылыс заттарын өндіру, аэроғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобаларды жүзеге асырып келеміз. Елімізде Alstom, Total Energies, Orano, Vicat сияқты 170-тен астам француз компаниясының табысты жұмыс істеуі – соның айқын дәлелі».