Биыл талай жас журналисті тас қияға өрлеткен, ғасырға жуық уақыт қазақ баласының санасын сәулелендірген қазақ балалар баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Ұлан» газетінің жарық көргеніне 95 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, басылымның тарихы мен бүгінгі жетістіктері кеңінен атап өтілді.
«Ұлан» газеті - тарихы тереңде жатқан, қазақ баспасөзіндегі ең көне балалар басылымдарының бірі. Алғашқы саны 1930 жылы 14 наурызда «Пионер» атауымен жарық көріп, кейін «Октябрь балалары», «Қазақстан пионері» деп аталды. Ал 1990 жылдан бері «Ұлан» деген ұлттық атаумен шығып келеді. Газеттің қалыптасуына Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бердібек Соқпақбаев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері атсалысты. Басылымның әр кезеңінде Әбілфайыз Ыдырысов, Кемел Тоқаев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Уәлихан Қалижан, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен сынды танымал қаламгерлер бас редакторлық қызмет атқарды.
БЕЙБІТ ҚОЙШЫБАЕВ «ҰЛАН» ГАЗЕТІНІҢ 1977-1980 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ БАС РЕДАКТОРЫ: “Пионер ұйымы болды. Пионер ұйымының газеті болды.Балалар оқуға, өнерге, спортқа арналған бағдарламалары болды. Балаларды тарихқа баулуды мақсат еттік”.
«Ұлан» газеті – тек ақпарат құралы ғана емес, жас оқырмандардың шығармашылығын шыңдайтын алаң. Асқар Жұмаділдаев, Смағұл Елубай, Көпен Әмірбек, Өркен Кенжебек, Қанат Әуесбай, Руслан Меделбек, Данияр Жігітбек, Мирас Кесебай, Асхат Еркімбай, Алпамыс Файзолла сынды елге танымал тұлғалар өздерінің алғашқы шығармаларын осы басылымда жариялаған.
ЖАДЫРА НАРМАХАНОВА «ҰЛАН» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: “Жылдың басынан бері Ұлан газетінен тарихымызға сыр шертетін бірнеше дүниелер шығардық. Газеттің ең алғашқы нөмірін тауып, материал жаздық. Осы 95 жыл ішінде қанша редактор болды, газетке бастық. Балалар басылымының бас редакторы болу өте қызық жұмыс. Баламен бірге қуанасың, баламен бірге жылайсың.Біз жақсы көріп оқимыз”.
Мерейтой аясында «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында өткізілген «Тастүлек» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, Ахметов Жұбанов, Абай және басқа да мектептердің өнерпаз оқушылары ән мен жырдан шашу шашып, мерекеге көрік қосты.
ЖҰЛДЫЗ ЕРБОЛ ОҚУШЫ: “Менің өмірімде Ұлан газетінің алар орны ерекше. Әр журналистің қанат қағып ұшуына Ұлан газеті. Ұлан газетінің 95 жылдық мерейтойына. Әрі қарай да белсенді мақала жазамын деп ойлаймын”.
Бүгінде де «Ұлан» газеті жас оқырманның жан серігі болудан жаңылмай, жаңа заман талабына сай балаларға сапалы контент ұсынып келеді. Демек, бұл басылымның миссиясы аяқталған жоқ. Керісінше, оның болашағы — бүгінгі талантты балалардың қолында.
Айгерім Есімхан, Асхат Мұсабеков Алатау ақпараты