Солтүстік Корея билігі басқа елдерде қалып қойған азаматтарының отанына оралуына рұқсат берді. Аталмыш елдің шекарасы пандемияға байланысты үш жылдан астам уақыт бойы жабық болған болатын. Жергілікті БАҚ өкілдері жексенбі күні биліктегілердің осындай мәлімдеме жасағанын хабарлады.
Пхеньян басшылығы бұл мәлімдемені «әлемдегі пандемияға қатысты жағдай жақсарды» деп түсіндірді. Елге оралған азаматтар карантиндік бөлімшелерге орналастырылып, бір апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Бұл Солтүстік Кореяның COVID-ке қатысты шектеулерді өзгерту туралы шығарған алғашқы мәлімдемесі болды. Пандемия кезінде Пхеньяндағы көптеген шетелдік елшіліктер жабылып қалған болатын. Өйткені, қызметкерлердің Солтүстік Кореядан ұшып кету және қайта оралу мүмкіндіктері болмады.
Бірнеше күн бұрын, мәлімдеме шықпас бұрын алғаш рет Пхеньян қаласынан Бейжіңге ұшақ келіп қонған болатын. Бортта кім болғаны белгісіз. Енді, Қытайда соңғы үш жылда тұрған солтүстік кореялықтарды осы ұшақпен алып кетеді деген болжамдар бар.
Айта кетейік, өткен айда Пхеньянға шетелдік үкімет делегациялары барған болатын. Оларды Қытай және Ресей мемлекеттері жіберді. Сонымен қатар, тамыз айында таэквондодан өткен турнирге барған солтүстік кореялық спортшыларға да Корей халық-демократиялық Республикасының шекарасынан өтуге рұқсат етілді.